ОҚО мен Иран арасында әріптестік орнады

Аймақ
15.10.2014, 14:46

Асқар Мырзахметов Иран Ислам Республикасының Қазақстан Республикасындағы Төтенше және Өкiлеттi Елшiсi Моджтаба Дамирчиллу мырза бастаған ресми делегация өкiлдерiмен кездестi, - деп хабарлады ОҚО әкiмi аппаратының баспасөз қызметi.

Сурет Жазылымшылар

Меймандармен кездесу барысында Асқар Исабекұлы Иран шежiрелi тарихы, көне мәдениетi бар, бүгiнде экономикасы қарқынды дамып келе жатқан мемлекет екендiгiне назар аударды. Қос ел басшыларының арқасында Қазақстан мен Иран арасындағы мәдени-экономикалық байланыстар бекемдей түскендiгiне тоқталып, өңiрiмiзде ирандық кәсiпкерлердiң қатысуымен жол салу және сауда-саттықтағы жобалар табысты iске асып жатқандығын айтып өттi. Құрылыстары жүрiп жатқан «Батыс Еуропа – Батыс Қытай», Өзбекстан Республикасының шекарасы – Шымкент қаласы халықаралық көлiк дәлiздерi Азия мен Еуропа арасындағы әрiптестiк байланыстарды орнатуға септiгiн тигiзетiнiне тоқталды. Сондай-ақ, облыс әкiмдiгi тарапынан өңiрдiң мүмкiндiктерi таразыланып, шетел инвесторларымен бiрлесе атқарылатын жобалар айқындалғанын мәлiмдедi. Иран Ислам Республикасында балық шаруашылығы жақсы жолға қойылғандығына көңiл бөлiп, ирандық кәсiпкерлердi облысымызда осы саланы дамытуға шақырды. Қазiргi таңда облыс әкiмдiгi шетелдiк кәсiпкерлермен жалпы құны 2 млрд. АҚШ долларын құрайтын жобаларды iске асыру бойынша келiсiмге келгендiгiн айтып, жаңа әрiптестермен де бiрлесе жұмыс атқаруға дайын екендiгiн жеткiздi.

Иран Ислам Республикасының Елшiсi Моджтаба Дамирчиллу мырза екi ел арасындағы ынтымақтастық артып отырғаны жайлы әңгiмеледi. Қазақстан мен Иранның мемлекет басшылары қос ел арасындағы әрiптестiк байланыстарды нығайту мiндетiн алға қойғандығын атап өттi. Осы орайда Оңтүстiк Қазақстан облысы Азия мен Еуропа арасындағы қақпа екендiгiн айта отырып, өңiрiмiзге жасап отырған тұңғыш жұмыс сапары нәтижелi болатынына сенiм бiлдiрдi. Ирандық кәсiпкерлер шағын су және жел электр стансаларын салуға, туристiк қызметтер ұсынуға дайын екен. Олар балық шаруашылығы саласындағы жобаларды да бiрлесе атқаруға ықпал ететiнiн мәлiмдедi. Сондай-ақ, ғылым мен мәдениет саласындағы байланыстарды да нығайтып, Ираннның Исфахан, Хорасан өңiрлерiнде Оңтүстiк Қазақстан облысының мәдениет күндерiн өткiзуге, оған өнер иелерiмен қатар бизнес өкiлдерiн де қатысуға шақырды.

Жиынды қорытындылаған облыс әкiмi мәртебелi мейманға өз алғысын бiлдiре отырып, айтылған ұсыныстар бойынша нақтылы жұмыстар атқарылатынына сенiм бiлдiрдi.

Сұхбат

PhotoRoom