«Шырайлы Шымкент» республикалық байқауы қорытындыланды

Аймақ
29.09.2017, 00:20

Шымкент қаласы күні мерекесі қарсаңында журналистер мен блогерлер арасында «Шырайлы Шымкент» атты республикалық байқау жарияланған болатын. Қала имиджін көтеруге шығармашылық қарымымен үлес қосқан БАҚ өкілдері арасындағы  осы сайыс өз мәресіне жетті. Кеше қалалық балалар мен  жасөспірімдер сарайында жүлдегерлерді марапаттау рәсімі өтіп, оның ашылу салтанатына қатысқан Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Қайрат Ырзақұлұлы қатысушыларға алғысын білдірді.


   - Бұл байқауды жыл сайын ұйымдастыруды қолға алдық. Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев Шымкенттің республикамыздағы үшінші мегаполиске айналуы керектігін атап өткендей, қаламыздың әрбір тұрғыны осы мәртебеге жету жолында аянбай еңбек етуі керек. Бұл бағытта қоғам белсенділері, блогерлер мен журналистердің орны ерекше, – дейді Қайрат Нұртай.

Алты ай бойына жалғасқан жарыста жеңімпаздар тоғыз номинация бойынша марапатталды: «Шымкент қаласы туралы әлеуметтік желілердегі (блогерлер арасында) үздік жарияланым» бойынша Шотаев Асхат, «баспа басылымдардағы (газет, журналдар) үздік жарияланым» номинациясымен Доброта Любовь марапатталса, Әссәнди Мақсат «Шымкент қаласы туралы аймақтық деңгейдегі сайттарда үздік жарияланым», Жансая Тәуекелқызы «Шымкент қаласы туралы республикалық деңгейдегі сайттарда үздік жарияланым», Мұхамеджан Ерболат «Шымкент қаласы туралы телеарналардағы үздік сюжет» номинацияларын жеңіп алды.

   

Ал, қала туралы үздік эссе жазған Шынар Жүнісбекова, үздік фото-видео материалдар түсірген  Береке Сейітжаппар, қаламызды таныстыру туралы креативті материалдар жариялаған Айгүл Амитова  жеңімпаз болды. "Қала тұрғындарының өмірі мен дәстүрі жайлы үздік фото-видео материалдар" номинациясы Дәурен Айманбетовке бұйырды. Қатысушыларға қала әкімінің «Алғыс хаты» және арнайы сыйлықтар табыс етілсе, жеңімпаздарға 100 000 теңге сыйақы берілді.

Сұхбат

PhotoRoom