Түркістандағы индустриалды аймақта жиһаз зауыты іске қосылады

Жаңалықтар
02.11.2017, 23:34

Оңтүстік Қазақстан облысы Түркістан қаласында отандық өнімнің әлеуеті артып келеді. Азық-түлік, ауыл шаруашылығы тауарларынан бөлек, үйге қажет жайлы, жұмсақ жиһаздар шығарылуда. Қазақстанның бүкіл аумағын қамтып отырған өндіріс ошағы қазір қаладағы индустриалды аймаққа жайғасқан.23-2

Түркістан шағын шаһар болғанымен, ел нарығында отандық өнімдерімен өз брендін қалыптастыра білген қала. Оның бірден-бір айғағы -жиһаз өндірісі. Республиканың кез-келген түкпіріне жеткізілетін жұмсақ дивандар алғашында цехта емес, үйде жасалған. Әлеуеті артқан кәсіпорын үшін жергілікті билік қолдау көрсетіп, индустриалды аймақтан арнайы орын бөліп отыр.

Қазір құрылыс жұмыстары қызу. Төрт бірдей ғимарат жиһаз маталарын тігу, дизайнерлік бөлім, құрастыру және сату бағытында еңбек етуде. Дәл қазір қаланың қақ ортасында арнайы сауда нүктелері жұмыс істейді. Тұтынушылардан сұраныс жоғары.

Киелі шаһардағы жиһаз зауытының жаңа ғимараты жыл соңына дейін пайдалануға беріледі. Оның ашылуымен 250 адам тұрақты жұмыспен қамтылады деп жоспарлануда.  Соңғы технологияларды пайдаланудың арқасында қазір жиһаздың сапасы артқан. Италия мен Түркия дизайнерлерінің үлгісі басшылыққа алынып, тұтынушы көңілінен шығатын өнімдер шығарылуда.

Айта кетейік, қазіргі таңда облыстың аудандары мен қалаларында өзге де индустриалды аймақтарды құру жұмыстары жалғастырылып жатыр. Бүгінгі күнге дейін 9 аймақ пайдалануға берілген, олардың жалпы ауданы 699 га-ды құрайды. Жалпы, облыстың барлық индустриалды аймақтарында сомасы 167 млрд теңге болатын, 10 мың жұмыс орны ашылатын 173 инвестициялық жоба іске асырылуда.

Сұхбат

PhotoRoom