Тері өңдеу зауыты дайын өнімдер шығара бастады

Жаңалықтар
10.11.2017, 18:31

Түстіктегі тері өңдеумен айналысатын «Turan-Skin» зауыты өндірістік қуатын арттырып келеді. Кәсіпорын бір күнде 2 тонна ірі-қара терісін кәдеге жаратып отыр. Былтыр 200 млн. теңгенің былғары өнімін шығарған. Қазір кәсіпорын өз елімізден ғана емес, шет елдерден де тапсырыс қабылдауда. 7 жылдан бері тек жартылай өңдеу ісімен айналысқан зауыт енді дайын өнім шығаруға ден қойған.tusk-leather-1920x1080

Іскер кәсіпкер Пархат Исабаев басқаратын өндіріс ошағы 2002 жылы ашылған. «Оңтүстік» индустриалды аймақта орналасқан  цехта  мүйізді ірі қара мал мен қой терісі күрделі өңдеуден өтеді. Алғашқыда мұндағы жұмысшылар 40 тонна тері өңдеп, оны хромдалған жартылай фабрикат күйінде экспортқа шығарды. Бұл кәсіпорынның өнімдеріне тек Қазақстанда ғана емес, Түркия, Қытай, Ресей, Иран және Италия мемлекеттерінде де сұраныс  жоғары. «Turan-Skin» ЖШС-нің аяқтан нық тұруына мемлекеттік қолдаудың септігі тиді.

Мұнда болашақта теріден дайын өнімдер шығару да ойлас­тырылуда. Былғары жиһаздар, аяқ киімдер мен ішіктер тігу - негізгі мақсат.

Іскер кәсіпкер тері илеуден бөлек, жүн түту, аяқ киім шығаратын шағын цехтардың жұмысын да оң жолға қойған. Кәсіпорында  30-ға тарта адам еңбек етеді. Олар күніне мың жұп кебіс шығарады. Дайын өнім облыс нарығынан бөлек, еліміздің өзге қалаларына да жеткізілуде. Ресейге күні бүгінге дейін 15-20 мың шәркей жұбы экспортталған. Енді Қырғызстан нарығын қамту ойда бар. Айтқандай, жуырда зауыт жанынан тон тігетін, былғарыдан жиһаз бұйымдарын шығаратын өндіріс ошақтары іске қосылмақ. Ол кезде 100 адам жұмыспен қамтылатын болады.

Ақпарат көзі: shymkenttv.kz

Сұхбат

PhotoRoom