СТУДЕНТТЕР «ШЫМКЕНТ-БАЙК» АБОНЕНТТЕРІНЕ ИЕ БОЛДЫ

Аймақ
15.11.2017, 19:06

Олар қоғамдық көлік күтіп, сабылмайды. Жолкіре санап, тиынын есептемейді. Тек жылы киінсе болды. Бір топ студент енді бір жыл бойы қала көшелерін велосипедпен армансыз аралай алады. Бастысы, ешқандай абоненттік ақы төлемейді. М.Әуезов атындағы ОҚМУ-де қайырымдылық шара өтті. Сонымен, велосипендпен тегін жүру мүмкіндігіне кімдер ие болды? Бұл туралы otyrar.kz сайты жазады.

Енді ОҚМУ-дің 30 студентін жолақы мәселесі алаңдатпайды. Өйткені олар бір жыл бойы тегін экологиялық көлік — велосипедпен қатынай алады. «Шымкент-байк» әлеуметтік-инновациялық жобасының шапағаты әлеуметтік жағдайы төмен, көп балалы отбасыдан шыққан және жетім студенттер мен мүмкіндігі шектеулі жандар үшін қолжетімді болып отыр.

Студенттер "Шымкент-байк" абоненттеріне ие болды

Алмагүл Қасымова , «Velocity.kz» қоғамдық қорының жетекшісі: «Бүгін біз университетте білім алатын 30 студентке сертификаттар мен түрлі сыйлықтарды табыстадық. Сертификаттар «Шымкент-байк» жүйесіне тіркеліп, бір жыл бойы тегін пайдалауға мүмкіндік береді. Қанша шақырым жер жүрсе де ешқандай абоненттік төлем төлемейді.»

Ойламаған жерден тосын сый алып, қуанғандардың бірі — І курс студенті Мақсат Оралбаев. Жас жігіт қолына сертификат тие салысымен, велосипедке отырмақ ниетте.

Студенттер "Шымкент-байк" абоненттеріне ие болды

Мақсат Оралбеков, студент: «Аптасына кемі 4 рет қолданатын шығармын. Әрине, оқу орнына міндетті түрде велосипедпен келемін. Қыдыруға да шығуға болады. Бұл — өте құнды сыйлық, сондықтан қадірін білу керек.»

«Шымкент байк» жобасы Шымқалада 2016 жылдың жазында басталған. Осы уақыт ішінде қаламызда 40 станция орнатылып, 200-ге жуық велосипед сатып алыныпты. Ал жобаның мақсаты халықты баламалы көлікпен қамтамасыз ету болатын. Нәтижесінде қазір 1500-нан аса белсенді пайдаланушы бар. Оның денін жастар құрап отыр. Арасында тұрақты түрде велосипед тебетін 3 зейнеткер бар. Қуантарлығы сол — күн суып, қар түссе де қала халқы аталған қызмет түрін пайдалана алады. Қыс ауасында велосипедтердің дөңгелегі ауыстырылатын болады.

Сұхбат

PhotoRoom