Шымкентте еліміздегі балабақша мекемелерінің пайда болғанына – 100 жыл мерейтойы аталып өтті

Аймақ
27.11.2017, 22:36

Биыл қазақ сахарасында балабақша мекемелерінің пайда болғанына – 100 жыл. Мерейтойлық датаны еліміздегі барша тәрбие ошағы тойлап жатыр. Осыған орай Шымкенттегі опера және балет театрында облыстық конференция ұйымдастырылды. Оған білім саласының ардагерлері мен балабақша қызметкерлері қатысты.IMG_0088

Тәрбие - тал бесіктен. Ұлт болашағы, ұрпақ тәрбиесінде мектепке дейінгі білім беру мекемелерінің ойып алар орны бар. Елімізде ең алғашқы балабақша 1917 жылы  қазіргі Алматы, бұрынғы Верный қаласында ашылған. Содан бері 100 жыл. Заман өзгерді, заманмен бірге адам, яғни, маман  өзгерді. Алайда, басты мақсат - тәлім мен тәрбиенің сапасын жақсарту екені белгілі. Бұл жолда сала қызметкерлерінің еңбегі ұшан-теңіз.

Ұлт ұстанымының негізі – озат отыздықта. Бүгінде балаларды ерте жастан дамыту неғұрлым танымал болуда. Солардың ішіндегі Монтессори әдістемесі соңғы уақытта кең қолдауға ие болды. Бұл тәсіл  балаға тереңдетілген құрмет пен ұғынуды пайымдауды үйретеді. Қоршаған ортада бүлдіршіннің бірегей болып қалыптасуына ықпал етеді.

Шара аясында театр фойесіне балалардың қолымен жасалған дүниелер мен көрнекі заттар көрмеге қойылды.

Азаттықтың ақ таңы атқан 1991 жылы оңтүстікте небәрі 565 бөбекжай болған. Қазір олардың саны 1714-ке жетті. Бұл - үлкен жетістік. Алайда,  халқы тығыз орналасқан күнгей аймақта мектепке дейінгі мекемеге қажеттілік күн сайын артып отыр. Қазір 3 млн-ға жуық оңтүстік халқын балабақшамен қамту ісі - 80 пайыз.

Бүгінгі ұрпақ - келешек ұлтымыздың ұстыны. Мектепке дейінгі мекемелердің оқыту, тәрбиелеу әдістеріне көңіл бөлінудің арқасында материалдық-техникалық база да жақсарды. Тәрбие мен оқыту жүйесіндегі жаңашылдыққа бетбұрыс қарқын алуда. Жаһанданудың жаңа өзгерістері заман талабына сай ұрпақ тәрбиелеуге оң ықпал етіп жатыр.

Сұхбат

PhotoRoom