Шымкентте Қуаныш Айтахановтың мерейтойы аталып өтті

Аймақ
30.11.2017, 01:59

Биыл оңтүстіктің құрметті азаматы, «Парасат», «Құрмет» ордендерінің иегері Қуаныш Айтаханов мерейлі 70 жасқа толып отыр. Айтулы күнге орай, ел ағасы жерлестерімен кездесіп, ыстық ықыласқа бөленді. Шыменттегі облыстық «Отырар» ғылыми-әмбебап кітапханасында өткен шарада атпал азаматтың еліне адалдығы сөз болды. Еңбекпен есейіп, талаппен қанатын қатайтқан қайратты ердің өмір жолы жастарға үлгі етілді.

Қарашада дүние есігін ашқан атпал азамат қайда жүрмесін, халықтың қамын жеді. Қарапайым ауыл шаруашылығы саласының маманы бола жүріп, білімі мен біліктілігінің арқасында қызмет сатысында жоғары көтерілді. Бірнеше ауданды басқарды. Парламентке барғанда да елді қолдайтын, мүддесін ойлайтын пәрменінен айырылған жоқ. Халық қалаулысы ретінде тайсалмай, шенділерге 200-ден астам сауал жолдады. Халықтың тіл, жер мәселесіне қатысты дығын жеткізді.

Алқалы жиында сөз алғандар Қуаныш Айтахановтың азаматтығын, қайраткерлігін тілге тиек етті. Дара тұлғасы мен білім-парасаты кейінгі толқынға үлгі, - десті. Бір отбасының емес, халқының қуанышына айналған азаматтың қай қоғамда болмасын, бағасы биік екенін жарыса жеткізді.

Өмірдің сүрлеу-соқпағы көп. Аласармас асуынан еңбегі ерен, білімі тереңдер ғана өтеді. Осы екеуін қатар ілген азаматтың да асығы алшысынан түскен. Оны уақыт дәлелдеп отыр. 70-ке келіп, кемелденген Қуаныш Айтаханұлының кейінгі толқынға айтар жалғыз өсиеті – адалдық.

Үлгі, өнеге – кітапта. Осыны ескерген Қуаныш Айтаханұлы бірнеше кітап жазған. Сол дүниесін кейінгі толқынға ұсынды. Ел елеулісінің ерекше әсер берер, тағылым түйдірер туындылары арнайы көрме көркін ашты.

Сұхбат

PhotoRoom