ОҚО-да ашылған көлік-логистикалық орталық соңғы үлгідегі технологиямен жарақталды

Жаңалықтар
08.12.2017, 12:06

Жалпыұлттық телекөпір кезінде ашылған тағы бір кешен – Оңтүстік Қазақстан облысында салынған көлік-логистикалық орталық. Аграрлық аймақ саналатын өңір үшін бұл нысанның маңызы зор. Жылына 1 миллион тонна жүкті қабылдап, кезегімен керекті жеріне жібере алатын логистикалық орталық соңғы үлгідегі технологиямен жарақталған. Әр тауарды қажетті температурада сақтай алатын мүмкіндігі бар. Жаз кезінде ауыл шаруашылығы өнімдерін салқындатып ұстап, қыста жылы жерде сақтайды. Орталық бір мезетте 40 тонналық 1 мың 600 контейнерді қабылдап, жүгін керекті орнына жайғастыра алады.de50a63bab45791f1747240c5aba71be_L

Батырхан Құрмансейіт, облыстық кәсіпкерлік, ИИД және туризм басқармасының басшысы: – Ауыл шаруашылығы өнімдерін бұзып алмай, дер кезінде жеткізу өте маңызды деп ойлаймыз. Сондықтан бұл тек облыс емес, Қазақстан нарығына шығу, ары қарай экспортқа шығаруға көмегін, септігін тигізеді деп ойлаймыз.

Қазіргі кезде жалпы аумағы 92 гектарды құрайтын «Оңтүстік» көлік-логистикалық орталығында инвестиция құны 35,6 млрд теңге болатын 8 жоба жүзеге асырылуда. Аумағы – 242 500 шаршы метрді құрайды. Мұнда кедендік рәсімдеу, фитосанитарлық және ветеринарлық бақылау қызметтері бір терезе қағидасымен жүргізілсе, бұған қоса уақытша сақтау қызметі де қарастырылған.

Шымкенттегі аталған КЛО халықаралық және республикалық жүк ағымына қызмет көрсету, сондай-ақ, тауарлардың қала мен өңірлерге таратылуы үшін қойма және ілеспе қызметтер ұсыну мақсатында құрылған.

Сұхбат

PhotoRoom