ОҚО кооператив құру туралы тапсырманы артығымен орындады

Аймақ
08.12.2017, 17:57

Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының хабарлауынша, ҚР Ауыл шаруашылығы министрлiгi тарапынан 2017 жылы 75 ауыл шаруашылығы кооперативiн құру мiндеттелген. Бүгiнде олардың саны 158-ге жетiп, тапсырма 210 пайызға орындалған. «Нәтижелi жұмыспен қамту» бағдарламасы және «ҚазАгро» АҚ облыстағы еншiлес мекемелерi арқылы шаруалар мен кооператив мүшелерiне түрлi бағдарламалар бойынша жылдық 6 пайызбен несиелер берiлуде. Мiне, осы қолдаулар нәтижесiнде отбасылық фермалар мен iрi кооперативтерде сүт өндiру көлемi артуда. Бұл туралы «Оңтүстік Қазақстан» газеті жазады.Без названия

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев ұсынған «100 нақты қадам» бағдарламасының 60-қадамында «Сүт және сүт өнiмдерi өндiрiсiн дамыту үшiн стратегиялық инвесторлар тарту. Негiзгi мiндет: үш жыл мерзiмде ТМД елдерi нарығына шығарылатын өнiмдерiнiң жартысына дейiнгi экспортын қамтамасыз ету» деп көрсетiлген. Бұл мiндеттi орындау үшiн жоғарыда аталған сүт қабылдау бекеттерiн көбейтумен қатар сүттi сиыр тұқымын асылдандыру бағытындағы жұмыстарды жандандыру керек. Осыны жете түсiнген бiрқатар сүт өндiрушi компаниялар Қазақстанды былай қойғанда, шетелден де асыл тұқымды сиырлар сатып әкелуде. Бүгiнде облыста 60-тан астам iрi, орта және шағын сүт өндiрушi агроқұрылым бар болса, соның алтауы – iрi кәсiпорындар. Мәселен, Арыс қаласындағы «Қазына жер LTD» ЖШС 2013 жылы Канададан 389 голштин тұқымды сүттi сиыр сатып алды. Бүгiнде мал саны 890-нан асты. Оның 700-ге жуығы – аналық. Мамандардың айтуынша, мұнда әр сауын сиырдан күнiне орташа есеппен 25 литрден сүт алынады. Ал, Ордабасы ауданындағы «Бөрте Милка» ЖШС Венгриядан асыл тұқымды 272 iрi қара сатып алып, жаңа технология бойынша әр сиырдан орта есеппен 30 литрден сүт алуда. Сарыағаш ауданындағы «Фирма Сәкен» ЖШС, Сайрамдағы «Гүлжәмила» ЖШС, Түлкiбастағы «Дос би» ЖШС және Төлеби ауданындағы «Атамекен НАН» ЖШС-iнде де сүттi сиырлар бар.

Жалпы, тәуелсiздiк алғаннан бергi жылдары облыста мал басы, оның iшiнде iрi қара саны әжептәуiр көбейдi. 1991 жылы облыстағы iрi қараның саны 464 300 болса, 2016 жылы ол 815 мыңға жеттi. Ал, биыл 10 айдың қорытындысы бойынша iрi қара саны 925,6 мыңды құрады. Демек, облыста сүт кластерiн дамытуға тамаша мүмкiндiк бар.

Мемлекет тарапынан осы саланы жандандырғысы келетiн азаматтарға қолдау көрсетiлуде. Ең бастысы, шаруа қожалықтары мен кооперативтер, сүт өндiрушi компаниялар бастамаларын ғылыммен ұштастырып, жұмыс қарқынын арттыруы тиiс. Қазақстанда әзiрленген сүт өнiмдерi шет мемлекеттердiң дүкен сөрелерiнде тұрса ғана сүт кластерi дамып, ел экономикасы күшейе түспек.

Сұхбат

PhotoRoom