ЕТ ЭКСПОРТТАУ: ЕҢСЕ КӨТЕРIЛIП КЕЛЕДI

Жаңалықтар
11.12.2017, 21:50

Қарапайым кәсiпкерден – 100 жаңа есiмге дейiн...

Жуырда Астанада «Қазақстандағы 100 жаңа есiм» тiзiмiне кiрген азаматтар Елбасымен кездесiп, арнайы марапатталды. Ғаламтор арқылы дауыс беру нәтижесiнде анықталған үздiктердiң ерлiктерi мен жетiстiктерi жұртшылыққа таныстырылды. Сол жүйрiктердiң бiрi – Сырым Ертаев. Облысымыздағы «Қайып ата» ЖШС-iн басқаратын кәсiпкер Қазығұрт ауданында мал бордақылау алаңының жұмысын өрге бастырып, толағай табыстарға жетiп жүр. Бұл туралы "Оңтүстік Қазақстан" газеті жазады.1b2f534e6add6daa6d7e6d5e286932e4_L

Ол мал бордақылап сатумен ғана шектелмейдi. Сайрам ауданынан жер телiмiн алып, халықаралық талаптарға сай ет комбинатын да ашып үлгердi. Комбинаттың ашылу салтанатына облыс әкiмi Жансейiт Түймебаев пен Иран Ислам Республикасы ауыл шаруашылығы министрiнiң кеңесшiсi Мирлоги Сейедалиакбар Агареза қатысқанын да хабарлағанбыз.

Ирандықтар жылына 2 млн. 400 мың тоннадай ет тұтынады. Яғни, бiздiң кәсiпкерлерге өнiм өткiзетiн нарық бар. Осыны жете түсiнген «Қайып ата» ЖШС-нiң басшысы Сырым Ертаев Иран делегациясымен келiсiм жасап, алдағы уақытта ет экспорттауға уағдаласты. Сол жиында кәсiпкер бiрнеше жылдан берi мал бордақылаумен айналысып келе жатқанын айтып: «Ендi еттi шетелге экспорттау мақсатында осы комбинатты ашып отырмыз. Инвестор тартуға облыс әкiмдiгiнiң көмегi тидi. Мұнда тәулiгiне 3000 уақ мал мен 300 iрi қара сойылады. Ирандықтар қой етiне тапсырыс берiп отыр. Осы бағытта жұмысты күшейтiп, еттi халықаралық сауда талаптарына сай жеткiзiп берудi қолға аламыз» деген едi.

Комбинатта еттiң сапасын анықтайтын зертхана, санитарлық талаптарға сай қасапхана және ет сақтайтын орын бар. Халықаралық нарыққа шығу үшiн олар осындай қадамдар жасады. Мемлекет тарапынан берiлетiн субсидиялар мен жеңiлдетiлген несиелердi тиiмдi пайдалана бiлген Сырым Ертаев бiрнеше жылда осындай табысқа жетiп отыр. Бүгiнде Қазығұрт ауданында орналасқан арнайы орында 3 мыңнан астам iрi қара бордақыланып жатыр. Қой өсiру де қолға алынған. Шаруа қожалығы iрiленiп, «Қайып ата» ЖШС жанынан iрi кооперативтер құрылды.

Сұхбат

PhotoRoom