Аусылдан азат аймақ

Жаңалықтар
11.12.2017, 21:56

Бiрнеше жыл бойы кәсiпкерлерiмiздiң шетелге үлкен көлемде ет экспорттай алмай келгенiне бiрнеше себеп болды. Бiрiншiден, тоқсаныншы жылдары колхоздар мен совхоздар ыдырап, мал басы азайып кеттi. Екiншiден, бұл салаға дұрыс көңiл бөлiнбегендiктен iс алға баспады. Үшiншiден, Оңтүстiк Қазақстан облысы бiраз уақыт бойы буферлiк аймақтар қатарында болды. Себебi, 1955–2000 жылдар аралығында өңiрiмiзде аусыл ауруының 499 ошағы тiркелдi. Бұл ет экспортын дамытуға кедергi келтiрдi.Без названия (1)

Биыл мамыр айында Париж қаласынан сүйiншi жаңалық жеттi. Бүкiләлемдiк жануарлардың денсаулығын сақтау ұйымы Қазақстан Республикасын буферлiк аумақтан шығарып, аусыл ауруы қаупiн жеңген елдер қатарына қосты. Аталған мәртебенi беруге Халықаралық эпизоотиялық бюроның (ХЭБ) бас ассамблеясының отырысына қатысқан 180 елден келген делегаттар бiрауыздан дауыс бердi. Осыған сәйкес, Оңтүстiк Қазақстан облысындағы мал шаруашылығы саласы да жiтi тексеруден өттi. Франция мен Италиядан келген мамандар аусыл ауруына қарсы жүргiзiлген iс-шараларды жоғары бағалады. Ендi импорттаушы ел келiсiм берсе, облысымыздан ет тасымалдауға ешқандай шектеу қойылмайды.

Егер сойылатын малдың ауруға клиникалық белгiлерi байқалмаса және аусыл ауруына ұшырамаса, мал сою бекеттерi мен ет өңдеушi кәсiпорындарда сойылса, шетелге экспорттауға рұқсат берiледi.

Мұндай мәртебеге ие болу үшiн облысымызда ауқымды жұмыстар атқарылды. Аусылдың алдын алуға бағытталған күрес шаралары халықаралық талаптарға сай жүргiзiлдi. Облысымызда 16 аса қауiптi ауруға қарсы вакцина егу, қан сынамаларын алу жұмыстары жоспарға сай атқарылды. Ауыл шаруашылығы басқармасы ұсынған мәлiметке сүйенсек, 844220 iрi қара мал сарып ауруына қарсы тексеруден өткiзiлiп, оның 564-iнен ауру белгiсi анықталған. Сонымен қатар, 2892849 ұсақ малдың 1021-нiң сынамасы «оң» нәтиже көрсеткен. «Оң» нәтиже көрсеткен малдар арнайы орындарда жойылған. Энзоотиялық аурулардың алдын алу бойынша биыл облыстық бюджеттен 359,5 млн. теңге қаралып, тиiстi жұмыстар iстелдi. Сондай-ақ, биыл ауыл шаруашылығы жануарларын бiрдейлендiру үшiн iрi қараларға – 521990, ұсақ малға – 1571356, түйелерге 8378 дана сырға жеткiзiлген. Кемшiлiктер де жоқ емес. Биыл ветеринарлық iс-шараларды сапалы орындамағаны үшiн мал дәрiгерлерiне қатысты 209 тәртiптiк шара көрiлген.

Мiне, бiрнеше жыл бойы жүргiзiлген жұмыстар нәтижесiнде шетелге еркiн ет экспорттауға мүмкiндiк туып отыр. Ендiгi кезек – кәсiпкерлерде.

 

Сұхбат

PhotoRoom