Оңтүстікте биыл 55 мал сою бекеті іске қосылды

Жаңалықтар
11.12.2017, 22:12

Жуырда «Азық-түлiк келiсiмшарт корпорациясы» ұлттық компаниясы» АҚ биыл 9 айда елiмiзге шетелден 2,1 тонна жылқы етi әкелiнгенiн мәлiмдедi. Атап айтсақ, Аргентинадан 782,1 тонна, Уругвайдан 448 тонна, Болгариядан 398 тонна, Моңғолиядан 82 тонна, Исландиядан 52,4 тонна және Мексикадан 20 тонна жылқы етi жеткiзiлген.uboi

«Өзiмiз мал баққан елмiз деп мақтанамыз, бiрақ, шетелден ет алып жүрмiз» деп ашуланасыз, әрине. Дегенмен, түрлi мемлекеттермен сауда-саттық жасау – нарық заңдарының бiрi. Сондықтан тұтынушыларға шетелден ет алма деп бұйрық бере алмайсыз. Есесiне, Қазақстанда ет кластерiн халықаралық талаптарға сай дамыту арқылы ғана бәсекелестiкке төтеп беруге болады. Мемлекет Басшысы Нұрсұлтан Назарбаев «100 нақты қадам» бағдарламасының 61-қадамын ет кластерiн дамытуға арнауында осындай үлкен мән бар. Елбасы мен ел Үкiметiнiң тiкелей қолдауымен елiмiзде ауыл шаруашылығына дұрыс көңiл бөлiне бастады. Iрi кооперативтер құрылып, мемлекеттiк бағдарламалар арқылы субсидиялар мен жеңiлдетiлген несиелер берiлiп жатыр.

Бүгiнде Оңтүстiк Қазақстан облысы мал шаруашылығын қаржыландыру және дамыту бойынша республикада көш бастаушылар қатарында. Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Серiк Тұрбековтiң айтуынша, өңiрiмiзде «Сыбаға» бағдарламасы бойынша 14516 аналық сиыр сатып алынып, тұқымдық түрлендiруге 76,2 мың iрi қара мал қатыстырылды. «Алтын асық» бағдарламасымен 26230 қой сатып алынса, «Құлан» бағдарламасы арқылы 2557 жылқы алынған. Ауыл шаруашылығы кооперативтерiн құру көрсеткiшi бойынша облысымыз республикада бiрiншi орынға шықты. Биыл 55 мал сою бекетi iске қосылса, қой шаруашылығы алтауға, түйе шаруашылығы бесеуге көбейген. Жыл басынан бергi он айда облыста iрi қара малдың саны 925,6 мыңға жетiп, 6 пайызға көбейсе, жылқы 19,7 пайызға көбейген (285 мың). Қой, ешкi, түйе және құс саны артқан. Осындай жұмыстар нәтижесiнде биыл 8 айдың өзiнде өңiрден 330 тоннадан астам iрi қара мен қой етi шетелге экспортталған. «Ордабасы құс» ЖШС құны 1 млрд. 708 млн. теңге болатын 2485 тонна күркетауық етiн шет мемлекеттерге саудалаған. Облыс әкiмдiгi баспасөз қызметiнiң хабарлауынша, биыл 10 айда 173,2 мың тонна ет өндiрiлген. Иран Ислам Республикасы, Сауд Арабиясы, БАӘ және Ирак мемлекетiне ет экспорттау жөнiнде келiссөздер жүргiзiлген. Былтыр облыстан шетелге 6700 ұсақ мал, 400 iрi қара және 200 жылқы сатылған. Жоғарыда сөз болған «Қайып ата» ЖШС Бiрiккен Араб Әмiрлiгiнiң «MYCo Tranding FZE» компаниясымен бiрлесiп Фуджейра қаласына 2000 қой жеткiзген. Созақ ауданынан қаракөл тұқымды қойлар БАӘ-ге экспортталғаны ел есiнде.

Қорыта айтқанда, облысымызда мал шаруашылығы саласында iлгерi басушылық бар. ҚР Ауыл шаруашылығы министрлiгi 2020 жылға дейiн шетелге ет экспортын 100 мың тоннаға жеткiзудi көздеп отыр. Өте жоғары меже. Республикамыздағы кооперативi көп әрi ауыл шаруашылығы дамыған Оңтүстiк Қазақстан облысының өзi биыл 330 тонна ет өндiргенiн ескерсек, бұл межеге жету үшiн әлi ауқымды жұмыстар жүргiзу керектiгiн байқайсыз. Ол үшiн «Қайып ата» сияқты 1 емес, жүздеген кооператив пен ет комбинаттары ашылуы тиiс. Ғылыммен, экономикамен, кәсiпкерлiкпен ұштастыра бiлсек, ауыл шаруашылығы Қазақстан экономикасының негiзгi сүйреушi күштерiнiң бiрi болмақ. Қазақты дағдарыстан құтқаратын – ғылым мен атакәсiп...

Сұхбат

PhotoRoom