Бәйдібек ауданындағы 700 тұрғын таза ауыз сумен қамтылды

Аймақ
15.12.2017, 02:15

Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігі күні мерекесіне орай бүгін Оңтүстік Қазақстан облысы Бәйдібек ауданы Алмалы ауылдық округінің Жарықбас елді мекенінде ауыз су құбырының құрылысы пайдалануға берілді. Облыстық бюджеттен 200,1  млн. теңге қаржы бөлініп, ұзындығы 15 шақырымды құрайтын қуаттылығы тәулігіне  95,4 м3 болатын ауыз су құбырының құрылысын ағымдағы жылдың көктем мезігілінде бастаған «Мух-Дан» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі белгіленген мерзімде ел игілігіне пайдалануға берді._DSC0079

Шараға аудан әкімі Б.Танагузов қатысып, құттықтау сөз сөйлеп, салтанатты түрде лентасын қиды. Елді мекенге ауыз судың келгеніне қуанған түрғындардың атынан Жарықбас ауылдық ардагерлер кеңесінің төрағасы Қ.Досбергенов алғысын білдірді.

Айта кететін жайт бұған дейін Жарықбас елді мекенінде ауыз су құбыры болмаған. Ауыл тұрғындары ауыз суды өзендер мен бұлақтардан арнайы су таситын қол арбалармен тасып пайдаланып отырған. Жаңадан пайдалануға беріліп отырған таза ауыз суды енді 24 сағат Жарықбас елді мекеніндегі 106 тұрғын үйдің 700-ге жуық тұрғыны пайдалануда. Қазіргі таңда ауыз су әр үйге жеке-жеке кіргізіліп, су есептегіш құралдары орнатылған._DSC0068

Бұдан бөлек ауданда алты елді мекенінің ауыз су құбырларының құрылысы жүргізілуде. Қазіргі таңда республикалық бюджеттен қаржы бөлініп, құрылыс жұмыстары жүргізіліп жатқан Бәйдібек ауданындағы  Теректі, Қаратас елді мекендері мен Боралдай елді мекенінің шығыс бөлігіндегі ауыз су жүйелерінің және магистралды суаққының құрылысы осы жылдың соңына дейін пайдалануға беру жоспарлануда.

Жалпы аудандағы 52 елді мекеннің 31-інде орталықтандырылған ауыз су құбыры жүргізілген. Ал 31 елді мекендегі халық саны – 43 533   адамды немесе 79,3 пайызды  құрайды.

 

 

Сұхбат

PhotoRoom