ОҚО әкімінің Жаңа жылдық құттықтау тілегі

Жаңалықтар
01.01.2018, 02:46

26166036_1514704358645898_3169469147309860763_n

Құрметті Оңтүстік Қазақстандықтар!

Сіздерді Жаңа жыл мерекесімен шын жүректен құттықтаймын!

Баршаға жан шуағы мен жайдары көңіл-күй сыйлайтын бұл мереке өткенімізді саралап, ертеңімізді бағамдайтын керемет сәт.

Өткен жыл еліміз үшін табысты, әрі тарихи оқиғаларға толы болды. Әлемдік экономикадағы дағдарысқа қарамай Елбасының сындарлы саясатының арқасында бiз лайықты мақтаныш ететiн жетiстiктерге қол жеткiздік. Елорда төрінде «ЭКСПО» халықаралық көрмесінің өтуі және еліміздің Біріккен Ұлттар Ұйымы Қауіпсіздік кеңесінің тұрақты емес мүшесі атануы мен Алматыда Универсиада-2017 спорт ойындарының өтуі Қазақстанның әлемдік деңгейдегі абыройының жоғары беделге ие болғанын көрсетеді. Бұл, Президентіміз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың парасатты саясатының жемісі.

2017 жыл республикамызбен бірге оңтүстік үшін де нәтижелі жыл болды. Инвестиция тарту, құрылыс салу, ауыл шаруашылығын дамыту, елді мекендерді газбен қамту сынды түрлі салалар бойынша өңіріміз көш бастады.

Биылғы жылы 620 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға беріліп, 6553 оңтүстікқазақстандық қоныс тойын тойлады. Облыс аумағында 73 мыңға жуық жұмыс орны ашылды. Жаңа 32 мектеп пен 34 денсаулық сақтау нысаны ел игілігіне берілді. Сонымен бірге 144 мектепке дейінгі ұйым ашылып, өңірдегі бүлдіршіндерді балабақшамен қамту 84,9 пайызға жетті.

Аймақтағы 44 елді мекен табиғи газға қосылып, 5 елді мекенге жаңадан ауыз су құбыры тартылды. 1500 шақырымнан астам жол мен 19 көпір жөндеуден өтті. Облыс аумағында 245 көпқабатты үйдiң құрылысы жүргiзiліп, 91 үй пайдалануға берілді.

Спортшыларымыз Әлем додаларында биік белестен көрініп, елдігіміз бен ерлігімізді тағы бір дәлелдеді. Бұл, осы жылы атқарылған игілікті істердің бір парасы ғана. Біздің осы жетістіктеріміз алдағы жылда да еселене түсетініне кәміл сенеміз.

Құрметті жерлестер!

Облыс тұрғындарының ынтымағы мен бірлігінің және еңбекке деген құштарлығының арқасында өңіріміздің дәулеті мен сәулеті артып, әл-ауқатымыз жылдан-жылға жақсаруда. Жаңа жыл еліміз үшін берекелі болып, барша шаңыраққа шуақты шаттық әкелсін! Сiздердi Жаңа жыл мерекесімен құттықтай отырып, елімізге тыныштық, отбасыларыңызға амандық, бақ-береке тiлеймiн!

Ізгі ниетпен, Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі Ж.Түймебаев

Тегтер:
Ж.Түймебаев

Сұхбат

PhotoRoom