Астанада «Ұлы дала» III гуманитарлық ғылымдар форумы

Жаңалықтар
19.06.2018, 00:07

1529313286_article_b_1500_

Астанада «Ұлы дала» III гуманитарлық ғылымдар форумы басталды

Бүгін Астанада халықаралық Түркі академиясының (TWESCO) ұйымдастыруымен «Ұлы дала» III гуманитарлық ғылымдар форумы өз жұмысын бастады. 

Игі дәстүрге   айналған алқалы жиынның ашылу салтанатына Қазақстан Республикасының Мемлекеттік хатшысы Гүлшара Әбдіқалықова мен Түркі кеңесінің құрушы Бас xатшысы Халил Ақынжы, Түркия Премьер-министрінің Бас кеңесшісі, профессор Айгүн Аттар, Түркия ЮНЕСКО Ұлттық комиссиясының төрағасы, профессор Өжал Оғыз, Түрік Тіл Құрылымының басшысы, профессор Мұстафа Качалин, Түркі кеңесі Бас xатшысының орынбасары Өмер Қожаман, Түркия Журналистер федерациясының басшысы Меxмет Али Дим сынды халықаралық ұйым басшылары мен өкілдері қатысып жатыр. Биылғы форум Астана қаласының 20 жылдық мерекесі мен Түркістанның ақиық ақыны Мағжанның 125 жылдығына, Шыңғыс Айтматовтың 90 жылдығына, Әзербайжан Халық Республикасының 100 жылдығына арналып отыр. Жиынның негізгі мақсаты - Ұлы Дала құндылықтарының адамзат өркениеті дамуындағы орны мен маңызын пайымдау. Сонымен қатар қазіргі заманғы гуманитарлық ғылымдардың даму үрдістерін саралай отырып, түркі әлемін зерттеу саласындағы тәжірибені жинақтап, идеялармен алмасу және іргелі бағыттарды анықтау көзделген. Ашылу салтанатын құттықтау сөзімен ашқан Қазақстан Республикасының Мемлекеттік хатшысы Гүлшара Әбдіқалықова әлем өркениетіндегі Түркі мәдени мұрасын айшықтауда әлем ғалымдары бас қосқан форумда көтерілетін міндеттер мен тақырыптар ауқымдылығы турасында айтып өтті.  «Астанада әлемнің жиырмаға жуық елінен келген ғалымдар бас қосып, осымен үшінші рет ұйымдастырылып отырған «Ұлы дала» гуманитарлық ғылыми форумына қош келдіңіздер. Бас қаламыздың ғылыми және интеллектуалдық орталық ретінде игі ықпалын тигізіп отырған ғылыми форум қордаланған ғылыми мәселелерді шешуде тың концептуалды шешімдер беретініне сенімдімін», – деген ол форум жұмысына сәттілік тіледі.

1529313280__fa67a66e745128a2b0e7ae857c3cc690

«Биыл Қазақстанның байтағы, жаһандық мегаполис Астананың 20 жылдығы. Сондай-ақ мұсылман әлеміндегі тұңғыш зайырлы мемлекет Әзербайжан Демократиялық мемлекетінің құрылуы, ақиық ақын Мағжан Жұмабайұлының 125, заңғар жазушы Шыңғыс Айтматовтың 90 жылдығы сынды мерейлі даталар қамтылған ұлы дала форумына қатысушы ғалымдар саны 250 адамға жуықтағаны көңіл қуантады.  «Ұлы дала» III гуманитарлық ғылымдар форумы бүкіл Түркі әлемінің басын біріктіретін, аясы кең, мағынасы терең киелі ұғым. Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Қазақ хандығының 550 жылдығына арналған салтанатты жиынында «Біздің қасиетті жерімізді Ұлы Дала деп, ал бабаларымызды Ұлы даланың ұрпақтары деп атаған. Біз солардың жалғасымыз, біз Ұлы Даланың мұрагеріміз» деп бекер айтқан жоқ. Осы орайда аталған хлықаралық форумда адамзат дамуындағы Түркі әлемінің орны мен мәдени құндылықтары талқыланып, жаһандық және аймақтық маңызы бар өзекті мәселелер жөнінде ұсыныстар жасалатын интеллектуалды сұхбат алаңы мәртебесіне ие болып отыр.

35702286_2000471889964120_3911761792635764736_n

Сонымен қатар форуым әлемге танымал ғалымдар арасындағы байланысты нығайта түседі деп сенемін. Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың жаһандық саясаттағы тегеурінді тұлғасын, Түркі әлеміндегі жетекшілік рөлін, рухани жаңғыру жобасындағы идеяларын кеңінен насихаттау форумның негізгі міндетті болып саналады», деді Гүлшара Әбдіқалықова. Әзербайжан, Қазақстан, Қырғызстан,Түркия, Түркіменстан, Өзбекстан, Тәжікстан, Моңғолия, АҚШ, Венесуела, Ресей, Башқортостан (РФ), Татарстан (РФ), Чувашия (РФ), Саха (РФ), Алтай (РФ), Германия, Қытай, Мажарстан, Польша, Молдова мемлекеттерінен келген 200-ге жуық ғалым-зерттеуші мен сарапшылар панелді отырыста мазмұнды баяндамалар жасап, форум аясында Халықаралық Түркі академиясының соңғы жылдары жарыққа шығарған кітаптарының көрмесі ұйымдастырылды.

Ая ӨМІРТАЙ, «Егемен Қазақстан»

Суреттерді түсірген Ерлан ОМАР

egemen.kz

 

 

Тегтер:
«Ұлы дала»

Сұхбат

PhotoRoom