ЖАМБЫЛДЫҚ ПОЛИЦЕЙЛЕР ТІЛ МЕРЕКЕСІН АТАП ӨТТІ

Жаңалықтар
24.09.2018, 19:05

«Қазақстан халқы тілдерінің күні» мерекесіне орай Жамбыл облысы Ішкі істер департаментінің Мемлекеттік тіл және ақпарат бөлімі «Тілге құрмет – елге құрмет» атты байқауын ұйымдастырды.

Қазақстан Республикасы Президентінің жыл сайынғы Жолдауында «Адами капитал – жаңғыру негізі» атты міндеттерді шешуде, қазақстандықтардың болашағы – қазақ, орыс және ағылшын тілдерін еркін меңгеруінде және орыс тілді мектептер үшін қазақ тілін оқытудың жаңа әдістемесі әзірленіп, енгізілуін, сондай-ақ, қазақ тілін халықаралық деңгейге жақындату керектігін айтқан.

жамбыл тил

Байқаудың мақсаты - ұлттар арасындағы достықтың, татулықтың, елдіктің, мемлекеттіліктің символы екенін таныту.

Байқауға ІІД басқармасынан, дербес бөліністерінен, Жергілікті полиция қызметінен, Тараз қ. ІІБ және полиция бөлімдері қызметкерлерінен құралған топтар қатысты. Аталмыш байқауға арнайы келген ҚР ІІМ Мемлекеттік тіл және ақпарат департаментінің директоры, Ішкі істер министрінің Баспасөз хатшысы Алмас Кәдірбекұлы Садубаев баяндама жасай келіп, биылдан бастап 5 қыркүйек Қазақстан халқы тілдерінің күні болып бекітілгенін, себебі қазақ тілі білімі мен әдебиеттану ғылымдарының негізін салушы, ағартушы, Алаш арысы, Ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының туған күні екендігін атап өтті.

Байқау «Ұлттың қуаты — тілінде» таныстыру, «Достығымыз жарасқан» үй тапсырмасы және «Атадан қалған асыл сөз» тақырыбындағы шешендік қабілеттерін көрсететін үш кезеңнен тұрды. Бағалау барысында ең алдымен кезеңдер бойынша ұсынылатын мәліметтердің сәйкестілігі, танымдық, тәрбиелік әлеуеті, материалдардың шынайылығы, деректік және теориялық қателіктердің болмауы, әр кезең бойынша регламенттердің сақталуы ескерілді.

тил1

Байқау қорытындысы бойынша ІІД Ақпараттық-аналитикалық орталығының «Гюзаль кизлар» өзбек тобы жүлделі бірінші орынды иеленсе, ІІД Жергілікті полиция қызметінің «Атамекен» қазақ тобы – екінші орын, ал Тараз қаласы Ішкі істер басқармасының «Сакартвело» грузин тобына жүлделі үшінші орын бұйырды. Ал, Тараз қаласы Ішкі істер басқармасы 1-полиция бөлімінің «Достық» кәріс және Тараз қ. ІІБ 2-ПБ «Горячий каравай» орыс топтары «Көрермен көзайымы» және «Өнерлі топ» номинацияларының иегерлері атанды. Қатысушы топтар әр ұлттың ерекшеліктерін нақты көрсете білді. Жеңімпаздар дипломдармен және бағалы сыйлықтармен марапатталды.

Сонымен қатар, байқауда әдістемелік жәрмеңке ұйымдастырылып, облыстық филармонияның ұлт-аспаптар оркестрінің қатысуымен халық композиторларының шығармалары орындалып, қолөнер шеберлерінің туындылары жеке құраммен қонақтардың назарларына ұсынылды.

 

Тегтер:
тіл мерекесі

Сұхбат

PhotoRoom