ЖАРҚЫН БОЛАШАҚ – ПАРАСЫЗ ҚОҒАМДА

Жаңалықтар
21.09.2018, 20:01

Жамбыл жастары сыбайлас жемқорлық мәселесіне ерекше назар аудара бастаған. Себебі ертеңгі мемлекет тізгінін ұстар ұрпағымызды тәрбиелеу ісі облыста жан-жақты шаралармен қолға алынып отыр. Қоғамның басты дертіне айналған сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес - маңызды қадамдардың бірі. Сондықтан оның алдын алу жұмыстарын күшейткені абзал. Бұл ретте «Нұр Отан» партиясы облыстық филиалының өкілдері студент-жастармен кездесу өткізді. Олар әуелі жемқорлықтың залалы мен зардаптарын солардың санасына сіңіру керек деп санайды.

Елбасымыз Н.Ә.Назарбаев Қазақстан халқына арнаған «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» деп аталған жолдауында Қазақстанның мемлекеттілігін нығайту жолындағы стратегиялық маңызды мәселелерді айқындап, қоғам мен мемлекетті түбегейлі қайта өзгертуге, жаңғыртуға бағытталған бес негізгі басымдылықты белгілеп берді.

 

 

Жиынға қатысушылар кезегімен сөз алып, сыбайластық пен жемқорлықтың түбі неге әкеліп соқтыратынын, оған жол бермеудің түрлі амал-әдістерін түсіндірді. Адал еңбек ету – ең бірінші адамдыққа бастайды. Ал парасыз өмір сүру арқылы адам жарқын болашағын қалыптастырады. Оған жастар елдің әлеуметтік-экономикалық даму үдерісін тежеген жемқорлық жайлы көрсетілген бейнероликтер арқылы көз жеткізді. Мәселен, екі айлық көрсеткішке дейінгі пара мөлшерімен ұсталған адамға ірі сома көлемде айыппұл салынады. Егер одан жоғары болса, алған пара көлеміне қарай азамат 3 жылдан 15 жылға дейін бас бостандығынан айрылуы мүмкін. Мұндай жағдайда пара беруші де жауапсыз қалмайды, әкімшілік жауапкершілікке тартылады. Сол себепті, сізді пара беруге әлдекім мәжбүрлесе, тез арада құқық қорғау органдарына жүгінгеніңіз абзал дейді жастарға кеңес беруші мамандар.

«НҰР ОТАН» партиясы Жамбыл облыстық филиалы жанындағы сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі қоғамдық кеңестің мүшесі Асылхан Даймурзаев мырза жастарға мынандай уәж айтты: «Егер кімде-кім өзін мемлекеттік заң аясында қорғау мақсатында пара беруге мәжбүрлеп жатыр деп арыз беретін болса, ондай арыз берген адам қылмыстық жауапкершіліктен босатылады, бірақ ақшасын беріп қойған жағдайда, ол ақша иесіне қайтарылмайды. Ең бастысы параны беруге мәжбүр болғаны дәлелденсе, қылмыстық жауапкершілік болып табылмайды және жауапкершіліктен босатылады».

Кездесуге жиналған түрлі жоғары оқу орнының студент-жастарын алаңдатқан, көкейлерінде жүрген сұрақ-сауалдар көп болды. Мамандар  ең алдымен бүгінгі бала, ертеңгі мемлекеттік қызметкердің отбасындағы тәлім-тәрбиесі дұрыс болуы ләзім екенін баса айтты.

Расында да, тәрбие отбасынан басталады, ата-анасының шаруаларын пара беру арқылы шешетінін, не пара алу арқылы өздерінің материалдық жағдайын жақсартып отырғанын көріп өскен бала, бұл жағдайды орынды, яғни солай болуы керек екен деп түсінеді. Есейгенде ол баладан қандай мемлекеттік қызметкер шығады? Қалтасының қамын ойлайтын шенеунік бола ма, әлде тәуелсіз еліміздің нығаюына, қазіргі жаһандану заманында патритоттық сезімді барынша бойына терең сіңдірген, ел дамуының ұйытқысы болатын нағыз азамат шыға ма? Сондықтан, әрбір отбасы осы мәселеге аса мән бергені абзал.

Сұхбат

PhotoRoom