ЖАҢА КӘСІП АШҚАНДАРҒА ГРАНТ БӨЛІНЕДІ

Аймақ
27.09.2018, 01:01

Президент Н. Назарбаев 5 әлеуметтік бастамасын таныстырған кезде: "Жаппай кәсіпкерлікті дамыту аясында жүргізіліп жатқан жұмыстар аясында өзін-өзі жұмыспен қамтамасыз еткен және жұмыссыз азаматтар арасында жеңілдігі бар шағын несие ұсыну ең тиімді механизим болып табылады. 2017 жылы 32 млрд теңгеге барлығы 7200 шағын несие бөлінген болатын. Оның өзінде «Бастау Бизнес» жобасы бойынша оқып шыққан 5 мың азамат өз істерін бастау үшін шағын несиеге қол жеткізе алмады", - деген болатын.

Елбасының осы бір маңызды тапсырмасы Жамбыл облысында оңынан шешім табуда. Облыстық кәсіпкерлер палатасында 2017-2021 жылдарға арналған «Еңбек» нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту бағдарламасы қатысушыларының жаңа бизнес-идеяларын жүзеге асыруға мемлекеттік гранттарды бөлу жөніндегі комиссияның отырысы өтті. Өңірде Елбасы бастамасына сәйкес өз жеке ісін бастап жатқандарға, тұрақты жұмысы жоқтар мен өзін-өзі жұмыспен қамтыған азаматтарға басымдық берілуде.

Жамбыл облысына қарасты Байзақ, Жамбыл, Жуалы, Қордай, Мерке, Мойынқұм, Сарысу, Т.Рысқұлов, Талас, Шу аудандарынан келген 30 қатысушы өз жобаларын комиссия назарына таныстырды. Мемлекеттік қайтарымсыз қаражатты алуға Бағдарлама аясында кәсіпкерлік негіздерін оқып, сертификат алған бастауыш кәсіпкерлер мен жұмыссыз азаматтар номинант болды.

«Қазфосфат» ЖШС бас директоры – Ескендіров Мұқаш Зұлқарнайұлы төрағалығымен 7 адамнан тұратын комиссия ұсынылған жобаларды егжей-тегжейлі қарады. Сонымен қатар, комиссияға түрлі ұйымдар – Кәсіпкерлер палатасы, Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университеті, «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» АҚ, Жамбыл облысы әкімдігінің Жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы, «Нақты көмек» мүгедектер қоғамы» ҚБ және «Қазақстан» РТРК өкілдері қатысты.

«Жаңа бизнес-идеяларды жүзеге асыруға берілетін мемлекеттік гранттар 100 АЕК-ке (240 500 теңге) дейін көлемде беріледі. Биыл республика бюджетінен Жамбыл облысына гранттық қаржыландыруға жалпы 7 215 000 теңге бөлінді. Естеріңізге салсам, мемлекеттік гранттар жаңа бизнес идеяны жүзеге асырып жатқан немесе жоспарлап жатқан Бағдарлама қатысушыларына қайтарымсыз негізде қажетті жабдық пен мүкәммал алуға беріледі», – деді ӨКП директорының экономикалық мәселелер бойынша орынбасары Аспандияр Сейсебаев.

Таныстырылған жобалар негізінен қызмет көрсету саласы – тігін, шаштараз, мал шаруашылығын дамыту, көлік жууға қатысты болды. Отыз жобадан комиссия жиырма бес жобаны іріктеді.

Сұхбат

PhotoRoom