ӘСКЕРГЕ ДЕГЕН СҰРАНЫС АРТУДА

Жаңалықтар
27.09.2018, 00:49

Жамбыл облысында күзгі әскерге шақыру науқаны жалғасуда. Биылдан бастап мерзімді әскерге шақыру үш ай емес төрт ай бойы жалғасады. Сондай-ақ, әскерге қабылдау талаптары да күшейтілді. Енді жас жігіттерді Отан алдындағы борышын өтеуге жібермек бұрын олардың денсаулық жағдайы, білім деңгейі мен моральдық-психологиялық тұрақтылығы қатаң тексеріледі.

Жыл санап Қарулы күштердің қатары көбейе түсуде. Соған сай сұраныс та артып отыр. Биылғы маусымда Жамбыл жерінен 1500-ға жуық ұланды әскерге аттандыру көзделуде. Қазір 18 бен 27 жас аралығындағы жігіттер медициналық тексеруден өткізіліп жатыр. Алғашқы күні 150 ден астам жас азамат комиссияның қорытындысын алып, әскер қатарына жіберілді.

Жалпы Жуалы ауданының аға буын өкілдері мен тиісті сала мамандары да бозбалалармен ақпарттық-насихат жұмыстарын жүргізуді жүйелі жолға қойған. Соның жемісті нәтижесі - биылғы маусымда Жуалы жігіттері өте белсенді. Жоспарлы межені асыра орындаймыз деседі. Талап 100 болса, 120-130 азамат әскерге жөнелтілмек. Алдыңғы лек бүгінде Отан қорғап, ақсауыт киіп, сапта жүр. Басым бөлігі ҰҚК шекара қызметінде мемлекет аумағын қалтқысыз күзетпек.

Азамат Нұрұллаев, Жуалы аудандық қорғаныс істері жөніндегі бөлімше бастығы, капитан:

-Тең жартысы қазіргі таңда облыстық жинақтау пунктінен өтіп, қолдарына кететін күндері белгіленген соңғы шақырту қағаздарын алып, өздерінің кететін сәтін күтіп отыр. Жалпы қойылған тапсырыс ауданда әрбір шақырту кезеңінде күз, көктемде толығымен орындалады.

 Қазіргі уақытта шақырту пунктіне өз еркімен келушілердің саны күннен-күнге арта түскені әрине зор қуаныш. Дей тұрғанмен, бәрі бірдей жарамды, дені сау деп айту қиын. Мамандардың айтуынша, көбіне көз ауруы мен майтабан ауруы белең алған. Ал, әскерде қырағылық басты орынға қойылатыны белгілі.

Тиісті тексеруден өтіп, арнайы комиссияның мақұлдауымен бұл ұландардың барлығы да ҰҚК Шекара қызметіне бірер күнде аттанбақ. Олар Сарығаш ауданында 365 күн бойы шекара шебіне тұрып, тыныштықты  күзететін болады. Жоспарды артығымен орындап үнемі көш басында жүрген Жуалы аудандық қорғаныс істері жөніндегі бөлімшенің жетістіктері молайып, еңбек тиісті деңгейде бағалануда. Айта кетейік, қабылдау тек Шекара қызметімен шектеліп қана қоймай, президенттік полк, мемлекеттік күзет, қорғаныс саласы, ұлттық ұлан сынды әскер тектеріне де жүргізілуде.  Таңдау өз еркіңде, тек қабілет жетсе болғаны.

 

Сұхбат

PhotoRoom