ЗАҢ БӘРІНЕ ОРТАҚ

Жамбыл облысы
26.09.2018, 12:42

Облыс орталығында өткен Әдеп жөніндегі кеңес отырысында Тараз қаласы мен Талас ауданы әкімі аппараттарының тәртіптік комиссиясының жұмысы талқыланды. Жамбыл облыстық Әдеп жөніндегі уәкілдің үстіміздегі жылдың 8 айындағы атқарылған жұмысы тыңдалды. Сондай-ақ, Тараз қаласы әкімдігінің жер қатынастары бөлімінің қызметіндегі сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне жүргізілген сыртқы талдау қорытындылары шықты. Қазіргі таңда қала бойынша жер теліміне кезекке тұрған азаматтардың жалпы саны 69 000-нан асып жығылады. Алайда, кезек жүйесіз, ретсіз беріліп жатқанын алға тартты. 2005-2009 жылдар аралығында кезекке тұрған 23 000 азаматтардың қалдырған анықтамалары дұрыс болмағандықтан, оларды табу қиынға соғып жатқан көрінеді. Сондықтан, мамандар бұл жөнінде ақпарат көздеріне хабарландыру таратып, 2 ай мерзім бермекші. Сол аралықта келмегендерді тізімнен шығару туралы ұсынысын жеткізді.

Нұржан Әблешов, Тараз қалалық жер қатынастары бөлімінің басшысы:

- Тізіммен жарияламақшымыз, азаматтарды 1-2 ай көлемінде күтіп, қала әкімінің бастамасымен сотқа береміз, ары қарай не тізімде қалдыратын боламыз немесе тізімнен алып тастаймыз. Өздеріңіз білесіздер, халық сұраныспен және кезегі жетіп бізге келген соң, алдыңғы тұрған адамды іздеп біраз уақытты кетіреміз, сол себептен келген адамдарға тиесілі жер телімін бере алмай отырмыз.

Бұл мәселеде кеңес мүшелері бөлім басшысына өте мұқият болу керектігін ескертті.

Кеңесте қаралған тағы бір мәселе - Меркі ауданында «Нововоскресеновка» ГТС қайта құру» нысаны бойынша құрылыс жұмыстары жүргізілу керек болған. Алайда, ешқандай істің қолға алынбағанына қарамастан Жамбыл облыстық энергетика және тұрғын үй коммуналдық шаруашылық басқармасы басшысының орынбасары үш мердігер компанияның шотына 70 млн. теңге қаржы аударып жіберген.

Нұрбай Тілегеновтің әрекеттерінде Қазақстан Республикасының «Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызмет туралы» Заңының 50-бабының, 1-тармағы, 4-5 тармақшаларының талабына сәйкес, кеңес мүшелері оны қызметінен шеттетуін ұсынды. Аталған жәйтқа байланысты Нұрбай Тілегенов олардың пайдасына бюджет қаражатын заңсыз аударып жібергенін мойындап отыр. Ол өз әрекетінің себебін, қаржыны мерзімінде игеру қажеттігімен түсіндіргісі келді.

Жамбыл облыстық Әдеп жөніндегі кеңестің төрағасы Мақсұт Нәлібаев, істі тексеру комиссиясы анықтамағанша, қаражат әлі айналымда жүре беретінін қатаң жеткізді.

Сонымен қатар, кеңес барысында азаматша Жанар Қадырханованың өтініштері негізінде Жамбыл облысы әкімі аппараты басшысының орынбасары Тимуржан Нұрымбетовке қатысты тәртіптік іс қозғалды. Ол Нұрымбетовті кәсіпкерлік қызметке заңсыз қатысқаны үшін айыптап, 5 миллион теңге көлеміндегі материалдық залал келтіргені үшін қылмыстық іс қозғалуын талап етуде. Екеуінің арасында болған дау-дамай тек сот арқылы шешілетін болғандықтан, кеңес мүшелері дауысқа салып, аппарат басшысының орынбасарына қатаң сөгіс жариялау жөнінде ұсыныс білдірді.

Сұхбат

PhotoRoom