МЕРКІДЕ ЕҢБЕК ЖАСТАРЫНЫҢ РЕСПУБЛИКАЛЫҚ ФОРУМЫ БАСТАЛДЫ

Жаңалықтар
28.09.2018, 13:50

Бүгін жалынды жастарға жігер сыйлайтын еңбек жастарының республикалық форумы Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар Федерациясының ұйымдастыруымен «Меркі» шипажайында басталды. Форумның негізгі мақсаты - жұмысшы кәсіптерін өзектендіру, қоғамның материалдық игіліктерін қамтамасыз ететін Еңбек адамының беделін арттыру.

Форум жұмысына Кәсіподақ Федерациясының Төрағасы Бақытжан Әбдірайымов, Жамбыл облысының әкімі Асқар Мырзахметов, ҚР Тұңғыш Президенті - Елбасы Қоры Атқарушы директорының орынбасары Игорь Рогов, Парламент Мәжілісінің депутаты Дархан Мыңбай және еліміздің әрбір өңірінен келген екі жүзден астам жастар қатысты. Аталған форум аясында «Заманауи әлеуметтік-еңбек қатынастары. Қазақстанның теориясы мен тәжірибесі» тақырыбында ғылыми-тәжірибелік конференция ұйымдастырылды.

Жиында сөз алған Асқар Мырзахметов Елбасы тапсырмасымен Жамбыл өңірінде жастардың бәсекеге қабілеттілігін арттыру мақсатында көтерме жәрдемақыға 1 миллиард теңге  бөлініп отырғанын жеткізді.

ҚР Тұңғыш Президенті- Елбасы Қоры Атқарушы директорының орынбасары Игорь Рогов бәсекеге қабілетті кадрлардың маңызына тоқталды:

«Біз үшін бәсекеге қабілетті кадрлар - талантты жастар өте маңызды. Тұңғыш Президент қоры тұрақты түрде жас журналистерге, жазушыларға, ақындарға, фотографтарға, ІТ-мамандарға арналған байқаулар өткізеді. Жыл сайын ондаған талантты мәдениет және ғылым өкілдері Қор лауреаттары болады.

Аталмыш форумда сөз сөйлеген Дархан Мыңбай, елімізде қолға алынған цифрландыру жүйесінің әлемдік тренд екенін, бұл аяда біраз мамандықтардың өзгеретінін және кәсіптік деңгейдің жоғары сатысы екенін атап өтті.

Бұдан кейін жас кәсіподақ көшбасшылары үшін ғылыми-қолданбалы сектор өкілдерінің шеберлік сағаттары қызықты өтті. Мұнда Ұлттық білім және инновация палатасының төрағасы Мұрат Әбенов, Парламент Мәжілісінің депутаты Геннадий Шиповских, «Жастар үні» АҚҰ Төрағасы, ҚР Президенті жанындағы Жастар саясаты жөніндегі кеңес мүшесі Дәурен Бабамұратов, PhD доктор, Қазақ Мемлекеттік Заң университетінің доценті және PhD докторы Бейбігүл Нұрашева, Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің азаматтық және экологиялық құқық кафедрасының аға оқытушысы Муслим Хасенов жастармен қызу пікір алмасты.

Үш күнді қамтыған форум аясында еліміздің әрбір өңірінен келген жастар еңбек туралы ерекше ой түйіп қайтатынына сенім мол. Форум барысында ұйымдастырылған Кәсіподақ көшбасшысы мектебі аясында мотивациялық сессия, ұжымдық стандартты қалыптастыру жөніндегі стратегиялық сессия жұмыстары да жастарға көп нәрсе береді. Ал форумның соңғы күні жастар Меркі өңіріне этножорыққа шығып, тарихы мен табиғатын тамашалайтын болады.

Сұхбат

PhotoRoom