«7-20-25»-ПЕН КІМДЕР БАСПАНАЛЫ БОЛАДЫ?

Аймақ
29.09.2018, 20:53

Елбасымыз Н.Ә. Назарбаевтың «Президенттің бес әлеуметтік бастамасы» атты жолдауы баспанасыз жүрген барша қазақстандықтардың үмітін оятқаны анық. Себебі, бұл жылдап тұрғын үй кезегінде тұрғандардан бөлек, айлығы шайлығына жетпей жүрген тұрғындардың пәтерлі болуына үлкен мүмкіндік беруде. Өйткені, жылдық мөлшері 7 пайыздан аспайтын, алғашқы жарнасы 20 пайызды ғана құрайтын, ипотекалық несие бойынша баспана құнын бөліп төлеу мерзімі 25 жылға ұзартылған «7-20-25» бағдарламасы тұрғындардың баспанаға қолжетімділігін бұрынғыдан әлдеқайда жеңілдете түсті.

Жолдау аясында Жамбыл облысының әкімі Асқар Мырзахметовтың тапсырмасына сәйкес «7-20-25» бағдарламасы бойынша аймақта насихат жұмыстары жүргізілуде. Шараға арнайы  жұмыс тобы құрылып, жұртшылыққа баспаналы болудың қыр-сыры түсіндірілді.

Жобаның басты мақсаты - баспанамен қамтамасыз ету. Осыған орай, Жамбыл облысы әкімдігінің құрылыс, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы мен Ұлттық банк және екінші деңгейлі банктер өкілдерінен топ құрылып, олар Тараз қаласындағы «Болашақ» медициналық колледж қызметкерлеріне бағдарламаның мән-жайымен таныстырды.

Нұрбол Қалдыбаев, Жамбыл облысы әкімдігінің құрылыс басқармасы басшысының орынбасары:

- «Негізі биылғы жылы бюджет есебінен 800 пәтерлі көп қабатты тұрғын үй құрылысы жүргізілуде. Сонымен қатар, жеке құрылысшылар өз қаражат есебінен 6 үйдің құрылысын жүргізді. Енді халық пәтерді өзі таңдап, банкке бару қажет»

Нұрпейіс Қасымов, мұғалім:

- «7-20-25» бағдарламасы жас отбасыларға өте тиімді бағдарлама деп ойлаймын. Бағдарламалар бойынша әр банк өкілдері өздерінің ұсыныстарын және қандай жолмен алуға болатындығын түсіндіріп өтті»

Бағдарламаға меншік құқығында баспанасы және басқа да ипотекалық қарыздары жоқ қазақстанның әрбір азаматы қатыса алады. Оған қатысушылардың кәсіпкерлік немесе еңбек қызметінен тұрақты расталған кірісі болуы тиіс.  Ал, несие алу үшін серіктес банктің біріне барып қажетті құжат тапсыру қажет. Бұл бағдарлама басқа мемлекеттік ипотекалық бағдарламаларға қарағанда халыққа 7 пайыздан төмен мөлшерде, бастапқы жарна үшін несиелендірілген тұрғын үй құнының 20 пайызын ғана төлеп, 25 жылға дейін ипотекалық несие алудың теңдессіз шарттарын ұсынумен ерекшеленіп отыр.

Қазіргі таңда Жамбыл облысында аталған бағдарламаны 6 серіктес банк жүзеге асыруға ниет білдіріп отыр. Сондықтан,  баспана алуға ниетті тұрғындар банк филиалдарына барып, қажетті кеңес алуларына болады.

Тұрғын үй сатып алу үшін Астана, Алматы, Ақтау және Атырау қалалары үшін бағаның ең жоғары шегі 25 миллион теңге деп белгіленіп отыр. Ал қалған өңірлер үшін 15 миллион теңге деп бекітілген. Нысаналы индикаторларға сәйкес ипотекалық кредиттердің жалпы көлемі 1 триллион теңгені құрайды. Бүгінде аталған бағдарлама шеңберінде Алматы, Астана, Ақтау, Өскемен, Орал қалаларында бірінші заемдер беріліп те үлгеріпті.

Сұхбат

PhotoRoom