КӨНЕНІҢ КӨЗІ – ДӘУЛЕСКЕР МӘДІ

Жаңалықтар
29.09.2018, 23:38

Елбасының "Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру" бағдарламасын жүзеге асыру барысында және Сарысу ауданының құрылғанына 90 жыл толған мерейтой аясында ашылып отырған күйші ескерткішінің болашақ ұрпақ үшін тағылымды бастама екенін атап өткен жөн.

Бүгін Жамбыл облысының Сарысу ауданына қарасты Игілік ауылында күйші әрі композитор Мәді Шәутіұлының ескерткіші ашылды. Мәді күйші 1909 жылы Игілік ауылында дүниеге келіп, 1995 жылы өмірден өткенге дейін сол ауылда ғұмыр кешкен қайталанбас өнер иесі.

Салтанатты шарада алғы сөз алған аудан әкімі Балабек Нарбаев ауыл тұрғындарын бүгінгі мәдени оқиғамен құттықтады. Игілік ауылдық клубының алдынан бой көтерген күйші ескерткішінің ашылу салтанатына ауыл тұрғындарымен қатар, белгілі күйші, өнер зерттеушісі Абдулхамит Райымбергенов, жоба авторлары ақын, Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткері Маралтай Райымбекұлы, мүсінші Алтай Бейсенов және танымал жазушылар мен дәстүрлі әнші-күйшілер арнайы келіп қатысты. Мәдени оқиғаның шымылдығы ауыл тұрғыны, ақын Асхат Абзалбековтің Мәді Шәутіұлы рухына арналған арнау өлеңімен ашылды. Сонымен қатар, бүгінгі шараға орай құттықтау жолдаған Жамбыл облысының әкімі Асқар Мырзахметовтің хаты көпшілікке оқылды, «Күйші, композитор Мәді Шәутіұлы - тағдырлы күй өнерінің шебері, Қаратаудың теріскейінде өмірге келген кешегі Ықылас пен Сүгірдің заңды ізбасары. Мәді Шәутіұлы дара қолтаңбасы қалыптасқан композитор ғана емес, ол сонымен қатар өте көне күйлерді жеткізуші құйма құлақ өнер иесі» делінген хатта. Шара барысында аудан әкімі Балабек Нарбаев, жоба авторлары ақын Маралтай Райымбекұлы және Мәді бейнесін салған Алтай Бейсенов салтанатты жағдайда ескерткіштің лентасын қиды. Осы тұста күйші Ербол Үсенбаев Мәді күйшінің "Қоңыр" күйін аспанға әуелетті.

Сондай-ақ, ауыл тұрғындары да кезекпен сөз алып, күйші туралы естеліктерін өрбітті. Бұдан кейін Игілік ауылдық клубында "Көненің көзі - дәулескер Мәді" тақырыбында республикалық ғылыми конференция өтті. Аталмыш конференцияда Маралтай Райымбекұлы ақиық ақын Төлеген Айбергеновтің өлеңін оқып, Мәді күйші туралы тағылымды әңгімелерін ортаға салды. Конференция барысында Маралтай Райымбекұлының құрастыруымен биыл жарық көрген "Мәді" өмірбаяндық кітабының да тұсауы кесіліп, көпшілікке таратылды.  Сонымен қатар, күйші Ербол Үсенбаев, әншілер Сәуле Жанпейісова мен Ардақ Исатаева және қобызшы Саян Ақмолда Мәді күйші жайында сөз қозғап, оның күйшілік мектебіне тоқталып, ауыл аспанын әнге бөлеп, күймен көмкерді. Конференция барысында аудан әкімі Балабек Нарбаев Алматыдан арнайы келген қонақтарды "Сарысу ауданына 90 жыл" мерекелік төсбелгісімен марапаттады.

Сұхбат

PhotoRoom