ЖЫЛЫТУ МАУСЫМЫ КЕЗЕК КҮТТІРМЕЙДІ

Жамбыл облысы
30.09.2018, 19:00

Жамбыл облысы бойынша бүгінге жылыту нысандарының жалпы дайындығы 99,8 пайызды құрап отыр. Ал әлеуметтік саладағы 1753 нысан 100 пайыз сақадай сай отыр екен. Басқосуда өңір тұрғындары мен бюджеттік мекемелерге қажетті көмір көлемін жеткізу жайын облыс әкімдігі энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Нұрлан Алдамжаров баяндап, әрбір аудан бойынша жүргізілген мониторингте анықталған кемшіліктерді талдап берді.

«Биылғы жылыту маусымында облыс тұрғындары қажет ететін көмірдің көлемі 332,9 мың тоннаны құрайды. Бүгінде оның 33,2 пайызы қоймаларға жеткізілді. Тұрғындарға қажетті көмірді тасымалдау жұмысы Сарысу, Жуалы, Жамбыл, Талас, Шу аудандарында баяу жүргізілуде. Ал, Қордай, Мойынқұм аудандарында қатты отын тасымалдау қалыпты деңгейде.

Облыстағы бюджеттік мекемелердің көмірмен қамту көрсеткіші 72,2 мың тонна болса, бүгінде оның 53,4 тоннасы дайындалды. Бұл жұмыстарды жүргізуде Талас, Шу, Қордай, Жамбыл аудандары жайбасарлық танытуда. Есесіне, Жуалы, Т.Рысқұлов аудандары мен білім басқармасына қарасты бюджеттік мекемелер қатты отынмен 100 пайызға қамтылды,» - деді Нұрлан Жанұзақұлы.

Сондай-ақ, басқарма басшысы қоймаларға жүргізілген мониторинг нәтижесінде оларда қатты отын қоры жеткілікті болғанымен, тұрғындардың әлі күнге дейін көмір сатып алмағандығын тілге тиек етті.

«Тараз қаласында 10 көмір сататын қойма бар. Қазіргі таңда осы қоймалардағы көмірдің нақты көлемі 17,7 мың тонна. Сонымен қатар, аудандарда 19 көмір сататын орын қызмет көрсетеді. Алайда, көмір қоры жеткілікті болғанымен, оны халықтың сатып алу деңгейі төмен. Осы орайда, қала, аудан әкімдерін халыққа түсіндіру жұмыстарын жүргізуге шақырамын. Өйткені, тұрғындар көмір сатып ала бастайтын қыркүйек-қазан айларында жүк вагондарының жетіспеуінен қоймаларда қатты отын тапшылығы сезілуі мүмкін. Әрі жанар-жағармай бағасының шарықтауы тасымал құнының шарықтауына әкеп соғады. Нәтижесінде, қазір тоннасы 12-18 мың теңгеден сатылып жатқан көмірдің бағасы 25 мың теңгеге дейін көтеріліп кетеді,» - деді Н. Алдамжаров.

Жиында аудандарда көмір бағасын тұрақтандыру шараларын ұйымдастыру жайы да сөз болды. Бұл орайда, облыс әкімі Асқар Мырзахметов шалғай аудандарда көмір бағасының шарықтап кетуіне бәсекелестік ортаның жоқтығы мен қатты отын тасымалы жұмыстарының жүйесіздігі сеп болып отырғандығын атап өтті.

– «Бағаны тұрақтандыруды әуелі көмірді тасымалдау кезінде қиындық туғызатын аудандардан бастау қажет. Теміржол тұйығы жоқ, көмір өзге ауданнан тасымалданатын аймақтарға «Тараз» әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясымен бірыңғай оператор құруды ойластырған жөн.

Жауапты тұлғалар мен мекемелерге жылыту маусымына қатысты мәселелерді реттеу үшін арнайы ереже түзуді тапсырамын. Аудандардың тұрғындарға және бюджеттік мекемелерге қатты отын жеткізу жұмыстарын ұйымдастырудың межелі мерзімі мен нақты көлемі кестеде беріледі. Сәйкесінше, аудан әкімдері жылыту маусымына дайындық кезінде дәл осы кестедегі уақытқа дейін тиісті көмір көлемін тасымалдауға баса назар аударатын болады,» – деді Асқар Исабекұлы.

Басқосуда сондай-ақ, көмірді аз қамтылған отбасыларға жеңілдікпен сату жұмыстарын ұйымдастыру, қатты отын бағасын тұрақтандыру мәселелері де көтерілді. Жиынға селекторлық режимде қатысып отырған Талас, Сарысу, Шу ауданы әкімдері жылыту маусымына дайындық туралы баяндап, аймақтарға қатты отын жеткізу мәселесін шешуде бірыңғай оператор құрудың тиімділігін атап өтті.

Барлық аудандарда кезегін күткен тірлік, шешімін күткен мәселе бар. Сондықтан аталған кемшіліктерді жою үшін жауапты тұлғалар тез арада іс шаралар атқаруға уәде берді.

Сұхбат

PhotoRoom