ЖАМБЫЛДЫҚТАРҒА ТҰМАУҒА ҚАРСЫ 115 МЫҢ ВАКЦИНА САТЫП АЛЫНДЫ

Аймақ
01.10.2018, 02:30

Жамбыл облысы əкімдігі ішкі саясат басқармасы «Өңірлік коммуникациялар қызметінің» алаңында Жамбыл облысы қоғамдық денсаулық сақтау департаменті басшысының орынбасары Күмісбек Рахимов және облыстық балалар жұқпалы ауруханасының инфекционист дәрігері Сағыныш Нұрғабылованың қатысуымен баспасөз конференциясы өтті. Спикерлер жіті респираторлық вирустық инфекцияның және тұмаудың эпидемиологиялық маусымы туралы баяндап, журналистердің сұрақтарына жауап берді.

«Жыл сайын облыстық бюджет есебінен жіті респираторлық вирустық инфекция мен тұмауға қарсы вакцина сатып алынады. Бүгінгі таңда 115 мың вакцина алынып, қазіргі уақытта олар кестеге сәйкес егіліп жатыр. Бұл вакцина қауіпті топтарға жататын азаматтарға салынатынын ескерте кету керек. Ал, аталған вакцинаны басқа азаматтар ақылы түрде салғыза алады. Вакцина құны 1600-2500 теңге аралығындағы соманы құрайды», - деді Күмісбек Рахимов.

Айта кетсек, Қазақстанда 2018-2019 жылдардың алдағы эпидмаусымында Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының ұсынымы бойынша елімізде қолданылатын үшвалентті вакцинаның құрамына енгізілген тұмаудың үш штаммы болады: A (H1N1) - Мичиган, A (H3N2) - Сингапур, сондай-ақ, B - Колорадо (линия B/Victoria). Еске салар болсақ, өткен эпимаусымда  тұмаудың 3 вирусы: A (H1N1), A (H3N2), сондай-ақ, В вирусы айналымда қатар болды. Жыл сайын тұмауға қарсы вакциналар штаммы жаңарып отырады. Егу өткен маусымда айналымда болған вирустардың көмегімен жүргізіледі. Жұқтырудың алдын алудың осы әдісінің тиімділігі  вакциналар қаншалықты болжанатын штаммды құруына байланысты. Бүгінгі күнде облыста барлық медициналық мекемелер жедел респираторлы вирусты жұқпамен ауырған науқастарды қабылдауға және ауруханаға жатқызуға дайын. Облыстағы дәріхана жүйелері дәрі-дәрмектермен, оның ішінде вирусқа қарсы препараттар мен бірреттік бетперделермен толық қамтылған.

Брифинг барысында Жамбыл облыстық балалар жұқпалы ауруханасының инфекционист дәрігері, Сағыныш Нұрғабылова қазіргі уақытта облыста тұмау ауруымен бірде-бір бала дәрігерлердің көмегіне жүгінбегенін айтты.

1-қазаннан бастап облыстағы барлық медициналық мекемелер қатаңдатылған жұмыс режиміне көшеді, сондай-ақ, науқастарға қатынау шектеледі. Ұйымдастырылған балалар ұйымында фильтр, санитарлық пост, залалсыздандыру режимі және санитарлық-түсіндіру жұмыстары (жатжазу, ата-аналар, ұстаздармен сұқбат жүргізу және  басқа жұмыс әдістері) күшейтілді. Республикада, оның ішінде  біздің облысымызда тұмау вирусының айналымы мен вирустың жаңа штаммдарын анықтау,  аурушаңдыққа мониторинг жүргізу ретінде жедел респираторлы вирусты жұқпалар мен тұмауға эпидемиологиялық қадағалаудың тиімді жүйесі қамтамасыз етілген. Эпидемияға қарсы шұғыл шаралар қабылдау мақсатында жедел респираторлы вирусты жұқпалар мен тұмаумен ауырған халықтың жағдайына және тұмау вирусының айналымына  1- қазаннан бастап апта сайынғы, 1- желтоқсаннан бастап күнделікті мониторинг жүргізіледі.

Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігі ақпараты бойынша Қазақстанда қазан айынан бастап тұрғындардың 10%-ы вакцинацияланады. 2018 жылы бюджет қаражатына Ресейде өндірілген «ГРИППОЛ +» вакцинасының 1,5 млн. дозасы 1 млрд. 200 млн. теңгеге сатып алынды. Вакцина A (H3N2) және A (H1N1) және В тұмау штаммдарының антигендерін қамтиды. Бұдан басқа Қазақстанда 3 өндірушінің тұмауға қарсы тағы 4 вакцинасы тіркелген. Бұл «Ваксигрип» және «Ваксигрип Тетра» (Франция), «Инфлювак», (Нидерланды) және тұмауға қарсы вакцина (Қытай), оларды арнайы алдын алу ретінде пайдалануға болады.

Тұмау вирустарының белсенді айналымы ҚР барлық аумағында қаңтар айының басында анықталды және тұмауға оң сынамалардың ең көп саны ақпан айында тіркелді. 2017-2018 жылдардың эпидмаусымында облыс бойынша ЖРВИ-ның 20 мың жағдайы, оның ішінде тұмаудың лабороторлық негізде 166 жағдайы тіркелген болатын. Жыл сайын облыстық бюджеттен бөлінген қаражатқа халықтың ең әлсіз тобын, жетім балалар, жиі ауыратын балалар, қарттар мен мүгедек үйіндегі тұлғалар, жүкті әйелдерді егу үшін тұмауға қарсы вакцина сатып алынады.

Сөз соңында, тұмау секілді респираторлық вирустық аурулардан сақтану жолдары мен тәсілдеріне тоқталып, жеке бас гигиенасын сақтау маңыздылығын ескертті.

Сұхбат

PhotoRoom