ҚАРИЯСЫ БАР ЕЛ – ҚАЗЫНАЛЫ ЕЛ

Жаңалықтар
01.10.2018, 16:12

Халықаралық қарттар күніне орай Жамбыл облысының бірқатар елді мекендерінде, яғни қаладағы № 2 арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету орталығында, Шу, Байзақ және Қордай аудандарында мерекелік іс-шара ұйымдастырылып, кең көлемде аталып өтті.

№ 2 арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету орталығында бүгінде 150-ден астам қария бар. Олардың тағдырлары сан қилы.  «Жас ұлан» балалар мен жасөсіпірімдер ұйымы қарияларға мерекелік көңіл-күй сыйлап, концерт ұйымдастырды. Орталықтың қызмет алушылары елінің амандығын тілеп, бүгінгі балалардың концерт бергеніне қуанып, көңілдері жадырап, мол ризалықпен тарасты.

Сондай-ақ, мерекелік шарада Шу ауданының басшылығы қарттар арасында күннен күнге қатары сиреген кешегі сұрапыл соғыс майдангерлерін, сол қиын-қыстау кезеңде тынбай еңбек еткен тыл ардагерлерін «Жамбыл облыстық ардагерлер ұйымына - 30 жыл» мерекелік медальімен  салтанатты түрде марапаттады. Шу ауданының еңбек ардагері Мейізкүл  Бөкенбаева, барлық ауданның ардагерлерін қарттар күнімен құттықтап, мықты денсаулық пен амандықтарын тіледі.

Дәл осындай салтанатты іс-шара Байзақ ауданында да болып өтті. Аудан әкімінің орынбасары қарияларды мерекелерімен құттықтап, «Жамбыл облыстық ардагерлер ұйымына - 30 жыл» мерекелік медальін  табыстады. Одан соң іс-шара концерттік бағдарламамен жалғасты.

Қордайда да аудан әкімі Болатбек Байтөле қазыналы қарттарды  аудандық Мәдениет үйіне жинап, салтанатты түрде құрмет көрсетті. Ол:

-«Тәуелсіздіктің көк туы желбіреуіне өзіндік үлестерін қосып халқына еңбек сіңірген кешегі азаматтар – бүгінгі ардақты қарияларымызды құрметтеп, қадірлеу қоғамдағы әрбір азаматтың, әрбір жастың азаматтық парызы»-деп атап өтті. Және де ардагерлер ұйымы атынан жалғызбасты қарияларды мерекемен құттықтап, арнайы сыйлықтарын ұсынды.

Аталмыш мерекеге орай №1 арнауы әлеуметтік қызметтер көрсету орталығында «Береке» гуманитарлық колледжінің студенттері концертік бағдарлама қойды. Осыдан кейін аудандағы Ұлы Отан соғысы ардагерлері мен аз қамтылған қарияларды да назардан тыс қалдырмаған ұйым мүшелері аудан басшылығы атынан алғыс хаттар мен азық-түлік себетін тапсырды.

Ізгі тілектерден кейін еңбегімен еленіп, ел болашағы үшін аянбай тер төккен бірқатар ардагерлерге Алғыс хаттар табысталды. Бұл мерекеге орай ұйымдастырылған  думанды шарада тағы бірқатар ақсақалдарға Қордай ауданының «Құрметті ардагері» атағы берілді.

Қарияларымыз қуанып, көңілдері  көтеріліп бір марқайып қалды. Саналы ғұмырларын еліміздің өсіп-өркендеуіне ұшан-теңіз үлес қосқан, қарттарымыздың өмір жолдары бүгінгі жас ұрпаққа табылмас қазына.

Сұхбат

PhotoRoom