ШУ АУДАНЫНДА ТҰШПАРА ЦЕХЫ АШЫЛДЫ

Жаңалықтар
03.10.2018, 11:18

«Шағын және орта бизнесті дамыту – ХХІ ғасырдағы Қазақстанның индустриалды және әлеуметтік жаңғыруының негізгі құралы» – деп Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев атап өткендей, қай уақытта да шағын және орта кәсіпкерлікті дамыту мемлекет саясатының басты бағыттарының бірі болып қала бермек. Осыған орай, жылдан жылға мемлекеттің кәсіпкерлерге деген қолдауы да артып келеді.

Бүгінде ауылдарда да кәсіпкерлік қанатын кеңге жая бастады. Осылайша индустрияландыру лебі аудан орталығынан шалғайда жатқан ауылдарға да жетті.

Шу ауданы тарихында алғаш рет Көктөбе ауылынан «Орманбеков» жеке кәсіпкерлігінің тұшпара шығаратын «Дастан» шағын цехының ашылуын салтанатына аудан әкімінің орынбасары Әлихан Балқыбеков қатысып, лентасын қиып, кәсіпкердің жұмысына сәттілік тіледі. Бүгінде кәсіпорында сиыр етінен тәулігіне 50 келіге дейін тұшпара дайындалады. Қазіргі таңда аудан дүкендері сөрелерінен аталған цех өнімдерін жиі кездестіруге болады. Тұрғындардың айтуынша, тауар өтімді. «Дастанның» дәмді тұшпараларын тек көктөбеліктер ғана емес, ауданнан шалғай орналасқан Шоқпар, Далақайнар секілді ауылдық округтің тұрғындары да көптеп тұтынады екен.

«Осы күні сырттан әкелінген азық-түлік өнімдерінің құрамына күдікпен қарайтынымыз жасырын емес. Шу – облысымыздағы тұрғыны көп аудандардың бірі. Сондықтан сапалы өнім өтімді болады. Осының бәрін ой елегінен өткізе келе, тұшпара цехын ашуды жоспарлап, енді, міне, өз күшімізбен көздегенімізге қол жеткізіп отырмыз. Өнімдеріміз бүгінде Шу қаласы мен барлық ауылдық округтердегі дүкендері арқылы өткерілуде. Нәтиже күткендегідей болды, өнімдерімізге деген сұраныс өте жоғары. Тіпті түскен тапсырыстарды түгел орындауға үлгермей жататын кездер де болады. Цехта әзірге алты адам жұмыс істейді. Барлығы да жергілікті тұрғындар. Сәтін салып, мемлекет тарапынан тиісінше қолдау болып жатса, қажетті қосымша құрылғылар сатып алып, цехтың өндірістік қуатын әлденеше есе ұлғайтуды да көздеп отырмыз», – дейді көктөбелік жеке кәсіпкер Берік Орманбеков.

Шаруасын ұршықша иірген іскер азамат қазір тек тұшпара цехын ғана емес, сонымен қатар ауылдағы «Ақ жол» асханасын да іске қоқан. Әлбетте, жұмыстың жеңілі болмайды. Ал өз тұтынушыларымен қоян-қолтық жұмыс істей білетін көктөбелік кәсіпкер мұндай жетістікке өзінің табандылығының және өнімдерінің сапасының жоғарылығының арқасында ғана қол жеткізгені белгілі. Сондай-ақ ол өз отбасының әлеуметтік жағдайын түзеумен қатар, ауылдастарын да нәтижелі жұмыспен қамтып отыр. Рас, бизнестің басты талабы – бір орында тоқтап қалмау. Кәсіпкер азамат алдағы уақытта өндіріс көкжиегін кеңейтуді, қосымша жұмыс орындарын ашуды межелеп отыр. «Дастан» цехының тек ауданды ғана емес, облысты сапалы өнімдерімен қамтамасыз ететіндігіне сенім мол.

Сұхбат

PhotoRoom