БЕЛГІЛІ ЖАЗУШЫ БАҚЫТЖАН МОМЫШҰЛЫ ТҰРҒАН ҮЙГЕ ЕСКЕРТКІШ ТАҚТА ОРНАТЫЛДЫ

Жаңалықтар
05.10.2018, 14:57

 

Белгілі қоғам қайраткері, жазушы Бақытжан Момышұлы 1986-2012 жылдар аралығында Қалдаяқов пен Гоголь көшелерінің қиылысында тұрған үйінің қабырғасына ескерткіш тақта орнатылды   Игі шараға зиялы қауым өкілдері мен жергілікті басшылар келді. Қызмет жолын Жамбыл облысындағы аудандық, облыстық газеттерден бастаған Бақытжан Бауыржанұлы өзінің төл шығармаларымен қоса, еліміздің белгілі жазушыларының еңбектерін орыс тіліне аударған. Әке аманатына адал болып өткен ұлдың өмір жолы бүгінгі жастарға үлкен үлгі болу керек дейді шараға жиналған зиялы қауым.

«Бұл кісі қазақ әдебиетінде, аударма саласында үлкен жетістіктерге жеткен жазушы, әрі мемлекет және қоғам қайраткері болды. Бүгін сол кісінің тұрған үйіне Алматы қаласы әкімінің шешімімен, ескерткіш тақта қойылып отыр. Бұл шара бір жағынан, өткенге құрмет көрсету болса, екінші жағынан, рухани жаңғырып жатқан қоғамымызда жастарға үлкен үлгі өнеге болатын айтулы оқиға болмақ», – деді Алматы қаласы әкімінің кеңесшісі Мамай Ахетов.

Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, ақын Нұрлан Оразалин, Алматы – Алаштың астанасы, ондағы ғимаратта ескерткіш боп сөйлеп тұру – кім кімге де болса мәртебе. Бақытжан Бауыржан Момышұлындай тұлғаға перзент қана болып қоймай, оның ізбасары атану бұйырған үлкен бақ болды. Соны Бақытжан Момышұлы абыроймен атқарды. Перзенті бола жүріп, қолына ұстаған қаламын суытпай, қазақтың көркем прозасын белгілі бір биікке көтерген біздің әйгілі перзенттеріміздің бірі болғанын айтып, өз ықыласын білдірді.

Тақтаның ашылу салтанатына арнайы келген филология ғылымдарының докторы, профессор Мекемтес Мырзахметұлы Бақытжан Момышұлы туралы естелігімен бөлісіп, аударма өнеріне таңғалғанын айтты.

«Батыр рухына тағзым ету, оған лайықты құрмет көрсету жағынан Жамбыл жұртшылығы белсенділік танытып келеді. Өйткені, ұлы тұлғаларын мақтан тұтпайтын қазақ жоқ. Бақытжан ағамызды есте сақтауға арналған бүгінгі мемориалды тақтаның ашылуына арнайы бір топ делегация келдік. Олардың ішінде қоғам қайраткерлері, Бақытжан ағамызбен қатарлас жұмыс жасаған қаламгер достары, әріптестері де бар. Біз Бақытжан ағамызға осылай лайықты құрмет көрсеткен Алматы әкімдігіне Жамбыл облысының барша жұрты қуанып отыр», – деді өз сөзінде Жамбыл облысы Ішкі саясат басқармасының басшысы Берік Уәли.

Айта кетейік, Бақытжан Момышұлы – 1941 жылы Алматы қаласында туған. Шет тілдер педагогикалық институтын бітірген. Жамбыл облысының Жуалы аудандық газетінде тілші, Жамбыл облыстық газетінде аудармашы, "Ленинская смена" газетінде редактор болып істеген. "Жанымның жарық жұлдызы", "Когда ты рядом", "Во имя отца" т.б. кітаптардың авторы. Жуырда Жамбыл облыстық ішкі саясат басқармасының ұйытқы болуымен оның зайыбы Зейнеп Ахметова өңірде болып, жазушының жүріп өткен жолы мен осы әулеттің өнегелі өмірі жұртшылыққа паш етілді.

Ескерткіш тақтаның ашылу рәсімінен кейін жалпы жұртшылыққа ас беріліп, Момышұлы әулетінің өмірден өткен тұлғаларының рухына құран бағышталды.

Сұхбат

PhotoRoom