ЖАМБЫЛДЫҚТАР 100 ПАЙЫЗ ИНТЕРНЕТПЕН ҚАМТЫЛАДЫ

Аймақ
11.10.2018, 13:26

2019 жылы Жамбыл облысындағы білім нысандарын 100 пайыз интернетпен қамту көзделуде. Бұл туралы бүгін облыс әкімдігінде өткен жиында айтылды.

Жиында өңірдегі білім, денсаулық, мәдениет, қызмет көрсету және өзге де салаларын цифрландыру бағытындағы атқарылып жатқан іс-шаралар талқыланды. ҚР Президентінің Қазақстан халқына арнаған «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» атты жолдауында осы еліміздегі алдымен маңызды деген экономикалық, әлеуметтік салаларды цифрландыру мәселесін қадап айтқаны белгілі. Тұтастай алғанда, бағдарламаның басты мақсаты – қазақстандықтардың өмір сапасын арттыру, әрі ұлттық экономиканы цифрландыру. Құжатты жүзеге асыру шеңберінде 2020 жылға дейін жалпы қазақстандық интернет қолданушылардың санын 80 пайызға дейін арттыру, тұрғындардың 95 пайызын цифрлық xабар таратумен қамту, азаматтардың цифрлық сауаттылығын 80 пайызға дейін арттыру көзделуде.

Сондай-ақ, тек биылдың өзінде аталған бағдарлама аясында елімізде 244 радиотелевизиялық станция салынатын болады. Атқарылатын жобалардың басым бөлігі мемлекеттік-жекменшік серіктестігі аясында жүзеге аспақ.

Осыған дейін бағларлама аясында 182534 адам оқыту курсынан өткен. Бұл биылға арналған жоспардың толық көрсеткіші. Облыс басшысы Асқар Мырзахметов бұл көрсеткішті жыл соңына дейін тағы да арттыру жолдарын қарастыру керектігін баса айтты.

Қазіргі таңда өңірдегі білім нысандарын интернетпен қамту жұмыстары жүйелі түрде жүргізілуде. Атап айтар болсақ, бұл бағыттағы көрсеткіш биыл 93 пайызға орындалса, келер жылы 100 пайызға жеткізу көзделуде. Десек те, Талас, Шу, Қордай аудандарындағы көрсеткіш көңіл көңшітпейді.

Сондай-ақ, биыл Тараз қаласындағы 111 балабақшада электронды кезекке қою жүйесі толығымен автоматтандырылмақ.

Басқосу барысында ауылдық клубтардағы ақпараттық орталықтардың ашылуы, мекемелердің компьютерлермен қамтылуы секілді жұмыстар да сараланды.

Асқар Исабекұлы көрсеткіштерді көтеру үшін екі-үш жылдық жоспарға байланбай, тиісті шараларды уақыт оздырмай іске асыру керектігін ескертіп, жауапты тұлғаларға нақты тапсырмалар жүктеді.

 

 

 

Сұхбат

PhotoRoom