ТҰРМЫСЫ ТӨМЕН ОТБАСЫЛАРҒА ҚАМҚОРЛЫҚ ЖОҚ ЕМЕС

Аймақ
24.10.2018, 15:34

Елбасы Н. Назарбаевтың осы жолғы халыққа Жолдауы да қазақстандықтардың тұрмыс жағдайларын жақсартуға бағытталған тапсырмалардан тұрды. Қазір Жамбыл облысында осы міндеттеме аясында біршама шаралар ұйымдастырылуда. Айталық, Жуалы ауданында тұрмысы төмен отбасыларға азық-түліктер таратылған. Көрсетілген көмек  Қазақстан халқы Ассамблеясының Жамбыл облыстық хатшылығының ұйытқы болуымен Президент Жолдауына сай және ұлттар достығын одан әрі нығайту мақсатында іске асырылған.

Бұл айтулы шара облыстың барлық аудандарында жыл сайын өткізіліп келеді. ҚХА-ның облыстық хатшылығы және облыс әкімдігінің «Қоғамдық келісім» мекемесінің бірлескен іс-шарасы өткен жылдары Жуалы ауданындағы Мыңбұлақ және Жетітөбе ауылдық округтерінде өтіп, ауыл тұрғындарын бір серпілтіп тастаса, биылғы жылы аталған «Қайырымдылық керуені» акциясы аясындағы мәдени іс-шаралар легі Нұрлыкент ауылында өз жалғасын тапты.

Сондай-ақ, облыстың Байзақ ауданында да мұқтаждарға ақшалай көмек көрсетілмекші. Бұл туралы ҚР әлеуметтік қорғау министрлігі әлеуметтік көмек департаментінің директоры Асет Шоновтың қатысуымен өткен жиында айтылған. Онда ҚР әлеуметтік қорғау министрлігі әлеуметтік көмек департаментінің директоры Асет Бағдатұлы жаңа нысандағы атаулы әлеуметтік көмек мәселесіне қатысты баяндама жасады. Баяндамашы жаңа нысандағы атаулы әлеуметтік көмекпен қамту жұмыстары, “Әлеуметтік көмек” автоматтандырылған ақпараттық жүйесі, бюджеттен бөлінетін қаражаттың мақсатты игерілуі, мүгедек балаларды үйде оқытуға жұмсалған шығындар мен әлеуметтік сала мамандарына отын сатып алу, сондай-ақ мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарына әлеуметтік көмек тағайындауға қаралатын қаржы көлемі жайында сөз қозғады.

Сонымен қатар, тұрғын үй көмегін тағайындауға 26 665 адамға 329,8 мың теңге қарастырылғанын және осы қаражаттың толық тағайындалып, төленуін үйлестіруді қатаң бақылау қажеттігін жеткізді.

Басқосу соңы әлеуметтік саладағы реформалардың негізгі мақсатын, күтілетін нәтижелерін халыққа дұрыс жеткізу, әлеуметтік шиеленістердің алдын алу тиісті сала өкілдері мен жергілікті атқарушы органдардың міндеті деген тұжырыммен қорытындыланды.

Сондай-ақ, Байзақ аудан әкімдігі халықты жұмыспен қамту орталығының жұмыс барысымен танысқан сала өкілдері Бәйтерек және Сарыкемер ауылдық округтерінде болып, ондағы аз қамтылған отбасы мүшелерімен кездесті. Көп балалы аналарға  шартты ақшалай көмек тағайындалып, мектепте оқитын балаларына бір мезгіл ыстық тамақ берілетіні айтылды.

 

Сұхбат

PhotoRoom