ЖАС КӘСІПКЕРЛЕР МЕКТЕБІНЕН ҮМІТ ЗОР

Жаңалықтар
23.10.2018, 12:18

Таразда «Жас кәсіпкерлер мектебі» жобасы бойынша палата жанындағы кезекті оқыту курсы аяқталды. Олардың арасында жұмыс істеп жүрген кәсіпкерлер және кәсіпке икемді жастар кәсіпкерлерге арналған қаржы, бизнес-жоспарлар әзірлеу, салықтық әкімшілендіру, персоналды басқару, бизнеске арналған ақпараттық-коммуникациялық технологияларды пайдалану және бизнесті мемлекеттік қолдау шаралары сияқты өмірлік маңызды бағыттар бойынша білім алып, біліктіліктерін арттырып шықты.

Оны аймақтық кәсіпкерлер палатасы «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасы бойынша жүзеге асыруда.  Нәтижесінде 60-тан астам тыңдаушы оқыту, үйретуден өткендігі туралы сертификатқа ие болды. Бұл құжат «Бизнестің жол картасы-2020» мемлекеттік бағдарламасы шеңберінде гранттық қаржыландыру байқауына қатысуға құқық береді. Яғни, жобаның әрбір қатысушысы өзінің әлеуетін жоғарылатуға мүмкіндік алады. Кәсіпкерлікке деген қызығушылық қазіргі кезде жастар арасында өте жоғары.

Сондай-ақ, осы жоба аясында жас кәсіпкерлер үшін «Жамбыл облысының жас кәсіпкері: жыл таңдауы 2018» байқауы және «Таразда жасалған» жас кәсіпкерлердің көрмесі жоспарланған.

Облыстық кәсіпкерлер палатасының бизнес-бапкері Гүлмира Метерова «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасының сервистік қолдау-көрсету қоры өте тиімді екенін, қордан арнайы сайт арқылы кәсіпкерлік қызметті ашу және жүргізу, салық салу және әкімшілендіру, бухгалтерлік есеп, бизнес жоспарды әзірлеу және банктерден сүйемелдеу бойынша қызметтер мен кеңестер алуға болатынын айтады.

Қысқасы, кәсіпке бейім жастарға көрсетілер қолдаулар көп.

- «Ғылыми тәсілге негізделген тиімді бизнесті көтермелеу мақсатында ҚЕҰ қауымдастығы мен жастар кәсіпкерлік кеңесі алғаш рет Талдықорған, Қызылорда, Түркістан және Жамбыл облыстары үшін «Жас ғалым 2018» өңірлік байқауын өткізеді. Қазірдің өзінде 50-ден астам өтінім жиналды және алда ғылыми-инновациялық жобаларды бағалау рәсімі күтіп тұр», – дейді Жас кәсіпкерлік кеңесінің төрайымы Айнұр Заурбекова.

Жақында әлеуметтік кәсіпкерлік жобаларының байқауы аяқталып, жеңімпаздары облыстың үкіметтік емес ұйымдарының форумында марапатталды.

– «Жастар және әлеуметтік кәсіпкерлікті ынталандыру бойынша осы іс-шаралар облыс әкімдігі жастар саясаты мәселелері басқармасы мен ішкі саясат басқармасының мемлекеттік әлеуметтік тапсырысы есебінен, сондай-ақ, тартылған қаражат есебінен ұйымдастырылды. Біз білім, тәжірибе және іскерлік байланыстар алған және оларды іс-жүзінде қолданатын 14 жастағы қатысушылардың да бар екенін айта аламыз. Жастар кәсіпкерлігін дамытуға барлық мүдделі тұлғалардың күш-жігерін біріктіріп, осылайша біз Жамбыл облысында жас кәсіпкерлердің саны қалай өсіп жатқанын көре аламыз», – деп түйіндеді сөзін Айнұр Заурбекова.

Жас кәсіпкер мектебі – бұл облыс жастарының инновациялық және кәсіпкерлік әлеуетін ашу, жастарды кәсіпкерлік қызметке тарту және олардың құзыреттілік деңгейін арттыру аясында арнайы жүргізілетін жоба.

Елбасымыз бастаған мемлекетіміздің жасаған қамқорлығын сезініп өсетін бүгінгі жас ұрпақтың  міндеті – ертеңгі мемлекеттің тұтқасын ұстаушы білікті маман, ел тағдырын шешуші азамат болу.

Сұхбат

PhotoRoom