ҒАЛЫМДАР ТАРАЗДА: “ЛАТЫН ӘЛІПБИІ – ЕЛ ЕРТЕҢІ”

Жаңалықтар
31.10.2018, 00:54

Әлем халқының тең жартысы латын әліпбиін пайдаланса, 7 млрд адамзаттың небәрі 3 пайызы ғана таңбасымен  жазады. Бұл дәйектер  көңілді күпті еткен көп сауалға- бұлтартпас жауап болса керек. Демек, дамудың көкжиегін кеңейтуді  көздеген қазақ еліне  – әлемдік кеңістікте еркін самғауға мол мүмкіндік туары  хақ. Мұнымен қоса, тіл гармониясы үйлесім тауып, бұрынғы асыл нұсқасына келеді. Бұрмаланып шұбарланған тіліміз ғана емес,  сана да рухани тұрғыда жаңғырмақ. Бастысы өзге ұлттардың  қазақ тілін меңгеруге қажеттілігі арта түседі. ҚP Президентінің «Қазақ тілі әліпбиін кириллицадан латын графикасына көшіру туралы» 2017 жылғы 26 қазандағы №569 Жарлығы негізінде, Жамбыл облысында латын әліпбиіне көшу жұмыстарының жүзеге асырылу барысын дамыту, насихаттық бағытын күшейту мақсатында бүгін Тараз инновациялық-гуманитарлық университетінің ғимаратында Жамбыл облысы әкімдігі Ішкі саясат басқармасының ұйымдастыруымен «Латын әліпбиі – ел ертеңі» атты бір топ ғалымдардың қатысуымен дөңгелек үстел өтті.

Жиынға арнайы келген қонақтар А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының директоры Ерден Қажыбек, Түркияның Карабюк университетінің филология ғылымдарының докторы, профессор Энвер Қапаған, Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің оқытушысы, профессор, ф.ғ.д. Жантас Жақыпов, Ш.Шаяхметов атындағы тілдерді дамытудың республикалық үйлестіру-әдістемелік орталығының орфография бөлімінің басшысы Құралай Күдеринова мен Астана қаласының Тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының «Руханият» КММ басшысы Ержан Еңсебай Ұлттық әліпби үлгісін жасаудағы атқарылып жатқан жұмыстары туралы кеңінен баяндап, өз ойларын ортаға салды.

Сондай-ақ, шараға облыстың зиялы қауым өкілдері, ардагерлер кеңесінің мүшелері, ғалымдар, ұстаздар, журналистер де қатысты.

Ерден Қажыбек, А.Байтұрсынов атындағы Тіл білімі институтының директоры, филология ғылымдарының докторы, профессор:

- «Әр жаңа нәрсе бастапқы кезеңде ыңғайсыздық тудырады, одан қорықпау керек. Бұл әлдеқайда жеңіл, қарапайым, әрі оңай болады. Біз қазір үлкен тарихи кезеңдеміз, бұл - өте символикалық тарихи маңызды сәт»,- деп атап өтті.

Расында, 21 ғасырда ғаламат дамып жатқан ғаламтор да, басқа да  технология мен техника тілі және оның шартты белгілері латын қәрпімен жазылады.  Сондай ақ, кирилица заңдылықтарына байланған қазіргі қазақ тілі  байи түсіп, бірқатар сөздердің айтылуы жеңілдей түседі. Осындай артықшылықтарды ескерсе керек,  кеңестік жүйенің  күрмеуінен босаған елдердің басым бөлігі уақыт  оздырмай латын әліпбиіне ауысты.

– «Ұлттық комиссия мен 4 жұмыс тобы 108 параграф, 4 тараудан тұратын латын әліпбиіне негізделген кітап дайындадық. Мұның негізінде өңірлерде түсіндіру жұмыстары жалғасын табады. Ағымдағы жылдың 14 қарашасында жалпыхалықтық акция өтеді. Яғни, қала тұрғындары латын әліпбиінен диктант жазады. Бұл жайында emle.kz сайтынан біліп, пікір қалдырсаңыздар болады,» – деп Құралай Күдеринова тілге тиек етті.

Ал,  Әліпбиінің 90 жылдығын тойлағалы отырған Түркия бірқатар олқы тұстардың әлі де бар екендігін жоққа шығармайды. Жиынға арнайы шақырылған түрік ғалымы Энверт Қапаған  үрдістегі мол тәжірибелерімен бөлісіп, Қазақстанның латын әліпбиіне көшуі Түркия мемлекеті үшін өте маңызды екенін, себебі, Мұхтар Әуезов, Ұлы Абайды және А.Байтұрсыновтың кітаптарын оқи алатын боламыз деп өз ойын білдірді.

Айта кетейік, ертең Түркия мемлекетінің латын әліпбиіне көшкеніне 90 жыл толады.

Тоқсан тарау қоғамдық пікірдің түйіні  жаңа әліпби әлбетте, қолайлы әрі ыңғайлы болса дейді. Жазылуы мен оқылуы озық, емле-ережесі мінсіз тағы бір жоба жасауға  ниетті. Ал ел арасында осы сынды ғылыми-әдістемелік жұмыстар жалғасын тауып, 14 қараша күні сағат 11-де «Шалқар» радиосының тікелей эфирі арқылы «жалпыхалықтық диктант» өтпек. Сонымен қатар, қарашаның ортасында 1,5 млн адам қатысатын республика деңгейіндегі іс-шара біздің өңірде өтеді деп күтілуде. 4 бөлімде өткен дөңгелек үстелде ғалымдардың пікірін тыңдаумен шектелмей, жиылғандардың ой-ұсыныстары да ескерілді.

Сұхбат

PhotoRoom