ТАРАЗДА АЛҒАШҚЫ «ТУҒАН ЖЕРГЕ ТУЫҢДЫ ТІК» ЖЕРЛЕСТЕР ФОРУМЫ ӨТТІ

Жаңалықтар
16.11.2018, 21:58

Бүгін “Баласағұн” орталық концерт залында Елбасының “Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру” мақаласы аясында “Туған жерге туыңды тік” атты Жерлестер форумы өтті– деп хабарлайды Жамбыл облыстық ішкі саясат басқармасының баспасөз қызметі.

Облыстық ішкі саясат басқармасының ұйымдастыруымен, өңірде алғаш рет өткізіліп отырған шарада қоғам қайраткері, облыстық қоғамдық кеңестің төрағасы Жандар Кәрібайұлы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Алматы қаласының Құрметті азаматы Аягүл Миразова, Қазақ күресінен Халықаралық дәрежедегі спорт шебері, 3 дүркін Қазақстан барысы, “Еуразия барысы”, халықаралық турнирлерінің жеңімпазы Бейбіт Ыстыбаев, білікті экономист, меценат  Азаматхан   Әміртай, “RUMI GROUP” мейрамханалар желісінің негізін қалаушы, кәсіпкер Қуаныш Шоңбай, Қазақстанның Еңбек ері, “Казфосфат” ЖШС бас директоры Мұқаш Ескендіров және тағы басқа азаматтар туған жерге деген лебіздерін білдірді.

– “Отан үшін отқа түс – күймейсің” деген сөз әр жауынгерге рух берген. Туған жерге деген қамқорлық пен қайырымдылықтың үлгісін көрсеткен өрісі кең азаматтарға алғысымызды білдіреміз! Жалпы, облыс  бойынша “Рухани жаңғыру” бағдарламасы табысты жүзеге асырылуда. Биыл бірнеше жобаларды жүзеге асыруға берушілер есебінен 1 млрд. теңге қаржы бөлініп отыр, – деді Жандар Кәрібайұлы.

Елбасы аталмыш мақаласында: «Ұлттық салт-дәстүрлеріміз, тіліміз бен музыкамыз, әдебиетіміз, жоралғыларымыз, бір сөзбен айтқанда ұлттық рухымыз бойымызда мәңгі қалуға тиіс. Абайдың даналығы, Әуезовтің ғұламалығы, Жамбылдың жырлары мен Құрманғазының күй­лері, ғасырлар қойнауынан жеткен бабалар үні – бұлар біздің рухани мәдениетіміздің бір парасы ғана» деп атап көрсетті.

Форум барысында “Рухани жаңғыру” бағдарламасы аясында өткізілген “Жомарт жүрек” сыйлығының лауреаттары марапатталды. “Жомарт жүрек” сыйлығы туған өлкенің дамуына елеулі үлес қосқан белсенді тұлғаларға, бизнес өкілдеріне және түрлі ұйымдарға табыс етілді. Сондай-ақ, елімізге еңбегі сіңген облыстың 8 азаматына “Аманат” марапаты берілді.

Шараға мемлекеттік мекемелер, еңбек ұжымдары, ірі кәсіпорындар мен өндіріс басшылары, этномәдени бірлестіктер, спортшылар,жастар және БАҚ өкілдері қатысты.

Кеш соңы өнер жұлдыздарының концерттік бағдарламасымен жалғасты.

 

Сұхбат

PhotoRoom