МЕМҚЫЗМЕТШІЛЕР «7-20-25» БАҒДАРЛАМАСЫНЫҢ ШАРТЫМЕН ТАНЫСУДА

Аймақ
25.11.2018, 16:53

«7-20-25» бағдарламасы мемлекеттік қызметкерлердің баспаналы болуына оң септігін тигізбек. Осыған орай Тараз қалалық әкімдігінде бағдарламаның талаптары түсіндірілді.

 

Азаматтар «7-20-25» бағдарламасына қатысу үшін әуелі сатып алынатын баспананы таңдау керек. Осы орайда тұрғын үйдің шекті құны белгіленеді. Бастапқы кезеңде тек жаңа тұрғын үйді сатып алу өтінімдері қарастырылады. Тұрғындар тиісті өтініммен және құжаттармен банкке келуі тиіс. Баспана алуға ниетті адамда несиеге қызмет көрсету үшін қажетті табыстылық деңгейі болуы керек. Сондай-ақ, тұрғын үй алатын адамның меншігінде баспанасы болмауы тиіс. Дегенмен, мұндай талаптарға кез-келген тұрғынның мүмкіндігі жоқ. Әкімдік қызметкерлері әлі де бағдарламаның кейбір тұстарын жетілдіру керектігін айтты.

Мемлекет басшысы Н.Ә.Назарбаев 2018 жылғы 5 қазандағы «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты Қазақстан халқына жолдауында  «Сапалы әрі қолжетімді тұрғын үй» басымдығы жайында былай деді: «Бүгінде біз тұрғын үй құрылысына зор серпін беріп отырған «Нұрлы жер» бағдарламасын табысты іске асырудамыз. Тұрғын үй ипотекасының қолжетімділігін арттыратын жаңа ауқымдағы «7-20-25» бағдарламасы қолға алынды. Әкімдерге жергілікті бюджет есебінен жеңілдетілген ипотека бойынша алғашқы жарнаны ішінара субсидиялау мәселесін пысықтауды тапсырамын. Мұндай тұрғын үй сертификаттарын беру біліктілігі жоғары педагогтер, медицина қызметкерлері, полицейлер және өңірге қажетті басқа да мамандар үшін ипотеканың қол жетімділігін арттырады. Сондай-ақ, халықтың әлеуметтік тұрғыдан әлсіз топтары үшін ірі қалаларда жалдамалы тұрғын үй құрылысын ұлғайту қажет. Бұл шаралар 250 мыңнан астам отбасы үшін тұрғын үй жағдайын жақсартуға мүмкіндік береді. Бюджет есебінен салынатын жаппай құрылыс алаңдарына арналған инженерлік инфрақұрылым жүргізуді қоса алғанда, мемлекет бес жыл ішінде 650 мың отбасыға немесе 2 миллионнан астам азаматтарымызға қолдау көрсетеді». Жамбыл облысында Елбасының бұл тапсырмасы қарқынмен жүзеге асырылуда. Қазір екінші деңгейлі банктер мен құрылыс компаниялары арасында мәмілелік шарттар қарастырылуда. Халықтың тұрғын үйге қолжетімділігін арттыру мақсатындағы барлық басымдықтар осы 7-20-25 бағдарламасында қамтылу жоспарланған.

Сұхбат

PhotoRoom