«INTELLEKTUM» СЫНЫБЫНЫҢ АРТЫҚШЫЛЫҒЫ ҚАНДАЙ?

Жамбыл облысы
24.11.2018, 22:39

Бүгінгі  таңда  еліміздің  білім  саласына көптеген тың  өзгерістер енгізілуде.  Ұстаздар  алдындағы  міндет – ғылым  мен техниканың  даму  деңгейіне  сәйкес  оқушыларға  терең  білім  беріп,  іскер  және  ойлауға  қабілетті, әлемдік  стандарттар  негізінде  жұмыс  атқара  алатын  тұлға    тәрбиелеу  болып  табылады.

Қаратау қаласындағы  «Үміт»  мектеп-интернатында  мемлекет басшысы Н.Ә.Назарбаевтың 2018 жылғы 5 қазандағы «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты Қазақстан халқына жолдауы аясында  «Intellektum»  сыныбының  ашылу  салтанаты  болып  өтті. Елбасының   Жолдауына негіз болған басымдықтардың  озық  идея  екені  сөзсіз.

Аталмыш жолдауда Елбасы: «Ойлау негіздері, ақыл-ой мен шығармашылық қабілеттер, жаңа дағдылар сонау бала кезден қалыптасады. Білім беру ісінде 4К моделіне: креативтілікті, сыни ойлауды, коммуникативтілікті дамытуға және командада жұмыс істей білуге басты назар аударылуда. Бұл салада біліктілік талаптарын, оқыту әдісін, тәрбиешілердің және балабақшадағы басқа да қызметкерлердің еңбегіне ақы төлеу жүйесін қайта қарау қажет. Білім және ғылым министрлігі әкімдіктермен бірлесіп, биыл тиісті «Жол картасын» әзірлеуі керек. Орта білім беру жүйесінде негізгі тәсілдер белгіленген, қазіргі кезеңде солардың орындалуына баса назар аударған жөн..»- деп атап көрсеткені белгілі. Енді осы бағдарлама  шеңберінде  бірқатар   жұмыстар  жүйесі  жанданып,  жаңғыру  үстінде. Осынау  маңызды  идеяны  қолдап,  жастар  арасында  насихаттап,  болашаққа  қолында  білімнің  алтын  шырағы  бар,  елдің  ертеңін  тәрбиелеу  мақсатында  ұйымдастырылып  отырған  жұмыстардың  бір  парасы.

«Intellektum»   сыныбының  ашылу  салтанатында  мектеп-интернат  директорының  орынбасары   Айгүл Кашкеева мен   «Нұр  Отан»  партиясы  аудандық  филиалының  консультанты  Нұрлан Мыңбаев сөз  сөйлеп,   жұмыстарына  сәттілік  тіледі.  Келесі  кезекте  баяндама  жасаған  «Intellektum»  сыныбының  мұғалімі  Гүлжан  Есимова  сынып  жайында  толыққанды  мәлімет  берді:

– Интелектум  – арнайы  ойындар  көмегімен  баланың  ой-өрісін  дамытып,  тез  шешім  қабылдай  алуына,  шапшаңдығын  арттыруға  жол  ашатын  бағдарлама.  Интелектум  жүйесінде  32  түрлі  ойын  негізінде  алынған.  Біздің  сыныпта  26  ойын  түрімен  балалардың  ойлау  жүйесін  жақсарту жолында  жұмыс  атқарамыз.  Ойын  құралдарының  барлығы  табиғи  заттардан  дайындалған,  Түркия  елінен  арнайы  тапсырыспен  алынған, –  дей  келіп,  тәрбиеленушілермен  бірнеше  ойын  түрін  ойнатып  көрсетті.

Шара соңы  мектеп-интернат оқушыларының  ұйымдастыруымен  концерттік  бағдарламаға  жалғасты.

 

 

Сұхбат

PhotoRoom