УЧАСКЕЛІК ДӘРІГЕРЛЕР БІЛІКТІЛІКТЕРІН АРТТЫРДЫ

Жаңалықтар
26.11.2018, 11:00

 

     

Жамбылдықтардың денсаулығына жауапты 174 маман қайта оқытылды. Елімізде дәрігерлер біліктілігін арттыру кезек күттірмейтін мәселе екені даусыз. Бұл жағдайды Мемлекет басшысы Н.Ә.Назарбаевтың 2018 жылғы 5 қазандағы «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты Қазақстан халқына жолдауында қадап айтты. «...Ең алдымен, әсіресе ауылдық жерлерде алғашқы медициналық-санитарлық көмектің қолжетімді болуын қамтамасыз ету қажет. Алғашқы медициналық-санитарлық көмек көрсететін қызметкерлерді ынталандыру үшін 2019 жылдың 1 қаңтарынан бастап ауруларды емдеу ісін басқарудың жаңа тәсілдерін енгізген учаскелік медицина қызметкерлерінің жалақысын кезең-кезеңмен 20 пайызға көбейтуді тапсырамын. Осы мақсаттарға келесі жылы 5 миллиард теңге бөлінеді.  2019 жылдың 1 қаңтарынан бастап барлық емханалар мен ауруханалар медициналық құжаттарды қағазсыз, цифрлық нұсқада жүргізуге көшуге тиіс...» -деді Елбасы биылғы Жолдауында. Сонымен Президент тапсырмасына орай алдағы уақытта алғашқы медициналық-санитарлық көмек қызметін қолжетімді ету қарастырылады. Бұған қоса 2019 жылдың 1 қаңтарынан бастап ауруларды емдеу ісін басқарудың жаңа тәсілі енгізілмекші. Бұл ретте учаскелік дәрігерлердің  қызмет сапасын арттыру мақсатында қайта даярлау курстары қолға алынған.

Қай емханаға бас сұқсаңызда дәрігер тапшылығына тап боласыз. Ұзын сонар кезек тағы бар. Осындай олқылықтардың алдын алып,  кемшіліктерді жоюды Президент жолдауында нақтылап көрсетті. Осы ретте, жамбылдықтардың денсаулығына жауапты 174 маман қайта оқытылды. Оның ішінде – 46 дәрігер, 32 орта буынды медицина қызметкерлері, және 96 өзге мамандар бар. Бұл тізім жаңа жылдан бастап 609 дәрігер, 1700 ден  астам орта буынды медицина қызметкерлерімен толықпақ.

Учаскелік дәрігер Нұрсезім Жабықбаеваның айтуынша,  қазіргі таңда Елбасы тапсырмасына сай орындалып жатқан бағдарламаның пайдасы көп болуда. Өйткені науқастардың жағдайы қалыпты бола бастаған. Дәрігерді үйге шақыру да сирепті. Науқастар ай сайын дәрі-дәрмектермен қамтамасыз етіледі екен. Оның үстіне Президент тапсырмасымен жалақылары жаңа жылдан өсірілетін  дәрігерлер, жұмыс жүйелері де өзгертіліп, жанданатынын айтуда.

Жамбыл облысында «Дипломмен ауылға!» бағдарламасы да  жалғасын табуда. Қазір  115 жас маман «Дипломмен ауылға!» жобасы бойынша жұмыс атқаруда.  Бағдарламаға жергілікті бюджет есебінен жалпы сомасы  – 51 млн. 200 000 теңге қаржы бөлінген.   Бірінші қаңтардан  учаскелік медицина қызметкерлерінің жалақысын кезең-кезеңімен 20 пайызға көбейту жоспарда бар.

Аймақ үшін тағы бір тың жаңалық, 2019 жылы жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру бағдарламаларын іске асыру бойынша 6 акушер-гинеколог,  6 анестезиолог-реаниматолог, 3 неонатолог дәрігерлерді резидентурада оқыту көзделген. Сонымен Жамбыл облысында дәрігерлерге «ұлт саулығы-болашақ кепілі» міндеттемесі нақты межелеремен жүктеліп отыр.

Сұхбат

PhotoRoom