МЫРЗАХМЕТОВ «БАТЫС ЕУРОПА-БАТЫС ҚЫТАЙ» АВТОЖОЛЫНЫҢ ТАЗАЛЫҒЫН СЫНҒА АЛДЫ

Аймақ
27.11.2018, 23:45

Бүгін Жамбыл облысының әкімі Асқар Мырзахметовтың төрағалығымен республикалық және жергілікті мәндегі автожолдарды қыс мезгілінде күтіп ұстау жұмыстарының дайындығы жөнінде жиын өтті. Жалпы аймақтағы қысқа дайындық мәселесі пысықталды.

Онда алдымен облыстық мәндегі автожолдардың жай-күйі, алынған құм мен тұз мөлшерінің қаншалықты екендігі және жанар-жағармай мен техниканың талапқа сай келуі секілді мәселелер қаралды. Бұл бағытта облыстағы жағдай тұрақты болғанымен, бірқатар аудандарда алынған құм көлемі аздығы, енді бірінде құм мен тұздың үстін судан қорғайтын бастырмалардың жоқтығы айтылды. Асқар Исабекұлы аталған мәселелер бойынша әр аудан басшысынан жеке-жеке жауап алып, тиісті жұмыстарды тез арада шешуді тапсырды.

 

 

Жиын барысында өңіріміздегі республикалық мәндегі жолдардың тазалығы мен бүгінгі жағдайы да талқыланды. Облыс аумағынан барлығы 1150 шақырым республикалық жол өтеді. Оның тазалығы мен қысқы жағдайына «Қазавтожол» мекемісінің облыстық филиалы жауапты.

Басқосуда айтылған мәліметтерге сүйенсек, бұл ұжымның талапқа сай барлығы 161 техникасы болуы қажет десек, бүгінде онда бар-жоғы 63 техника бар екендігі анықталған. Асқар Исабекұлы техниканың аздығынан өткенде жауған алғашқы қардың өзінде Жуалы ауданында жол қозғалысын бес сағатқа тоқтатуға тура келгенін баса айтып, «Батыс Еуропа –Батыс Қытай» автожолының бойындағы тазалық мәселесін де сынға алды.

Басқосуда «Қазавтожол» мекемесінің жұмысына қатысты Мойынқұм, Жуалы аудандарының әкімдері де өз сын ескертпелерін жеткізді.

Естеріңізге салсақ, осы айдың басында Жамбыл облысында Батыс Еуропа – Батыс Қытай автожолының Алматы-Ташкент-Термез бағытындағы бөлігі қолданысқа берілген болатын.  Тас жол бірнеше елді мекен мен Қордай асуын айналып өтеді. Ұзындығы 80 шақырымды құрайтын автомагистральдің биыл екінші кезеңі аяқталды. Жоба «Нұрлы жол» бағдарламасы аясында салынғаны белгілі.  Бұл маңызды жобаның жалпы құны 17 миллиард теңгеден асады. Құрылыс кезінде 400-ден астам адам еңбекке тартылды. Сапасы бірінші деңгейлі. Ең бастысы, апат өте жиі болатын халықаралық жолдағы қауіпті аймақ Қордай асуының мәселесі шешілген еді.

 

 

 

 

Сұхбат

PhotoRoom