Н. НАЗАРБАЕВ: «СЫБАЙЛАС ЖЕМҚОРЛЫҚПЕН БЕЛСЕНДІ КҮРЕС ЖАЛҒАСАТЫН БОЛАДЫ»

Жамбыл облысы
23.11.2018, 16:09

Жамбыл облыстық халықты жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау бағытында атқарылған жұмыстар жайында өткен жиында жемқорлықпен күресушілер сала қызметкерлерін сыбайластықтан бойды аулақ ұстауға шақырды. Оған себеп те жоқ емес. Осындай қоғамға қайшы іс-әрекетке бой алдырғандар біздің өңірде де бар. Мұны осы салаға тексеру жүргізген топ мүшелері нақты айғақпен айтып берді. Мемлекет басшысы Н.Ә.Назарбаев 2018 жылғы 5 қазандағы «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты Қазақстан халқына жолдауында, осы проблеманы тағы да ерекше атап өтті: «Сыбайлас жемқорлықпен белсенді күрес жалғасатын болады. ...Көрсетілетін мемлекеттік қызметтер аясында мемлекеттік қызметшілердің тұрғындармен тікелей қарым-қатынасын азайтуға қол жеткізген жөн... Қарамағындағы қызметкерлер сыбайлас жемқорлыққа қатысты құқықбұзушылық жасаған жағдайда бірінші басшылардың жеке тәртіптік жауапкершілігін күшейту мәселесін пысықтау қажет. Сонымен қатар, адал жұмыс істейтін қызметкер тексерушілерден қорықпауға тиіс. ... «Сыбайлас жемқорлықтан ада өңірлер» жобалары аясында елорданың жемқорлыққа қарсы стратегияны жүзеге асыру жөніндегі тәжірибесін тарату керек»- деді Елбасы биылғы Жолдауында. Ендеше тәжірибені тарату жұмысын қарқындату қажет. Әйтпесе мемлекеттік қызметкердің маскасын киген алаяқтардың арбауына түсіп қалу фактілері әлі де жетеді.

Осы күнде түйені түгімен жұтуға даяр, тәубесі жоқ аярлар  мемлекет қаржысын қымқырудың түрлі әдіс-тәсілдерін ойлап тапқан. Қулығына құрық бойламайтын айлакерлер тіпті, ауыз жарымайтын ақша үшін де беттің арын белге буған жағдайлар жетерлік. Мемлекет қамқорлығына мұқтаж жандарға «қол ұшын беріп, көмек» көрсеткені қызметі үшін ақша талап еткен әрекеттер аз емес.

Жамбыл облыстық департаменті тергеу басқармасының басшысы, Сыйбайлас жемқорлыққа қарсы ұлттық бюросының тергеушісі Жаннұр Рысқұловтың айтуынша, «Өрлеу» мемлекеттік бағдарламасы аясында мемлекеттік ақша талан-тараж болған, яғни ұрланған, осы бағдарламамен «Жас өркен», «Қызыл Қайнар», «Ақ буын» ауылдарының алушыларына әлеуметтік көмек жүйесінен ай сайынғы ведомстардан бөлек, қосымша ведомстволар қолдан шығарылып отырған.

 

Бармақ басты, көз қысты әрекеттің бәрі – қоғамға зиян.  Халықтың қамы үшін мемлекет тарапынан қабылданған түрлі бағдарламалар мен оларға бөлінетін миллион, миллиардтарды қарақан бастың қамы үшін қымқырғандарға  қолданар жаза да тиісінше, қатаң болуы тиіс.

Бұл жиында сөз алған Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Жамбыл облысы бойынша департамент басшысының орынбасары Нұрлан Еркебаев,  қоғамның ең әлжуаз тобындағы жандарға берілетін аздаған жәрдемақының бір бөлігін қалтасына басып отыру, адамзаттың санасына симайтын жеркенішті қылық екенін батыра айтты.

Осы болмашы ақша үшін де былыққа батып, қолына кісен салынғандар мен  қызмет бабын асыра пайдаланып, темір торға тоғытылған жандардың тағдырлары түсірілген бейнеролик көрсетілді. Көңілге қаяу салған көріністер көпшілікке ой саларлықтай. Сыбайлас жемқорлық іс-әрекеттеріне тергеу жүргізген сала мамандары тыңғылықты тексерулерді барлық аудандарда жүргізуді ұсынды.

Сұхбат

PhotoRoom