САЛЫҚТАН ЖАЛТАРҒАНДАРҒА АЯУШЫЛЫҚ ЖОҚ

Құқық
28.11.2018, 17:23

 

Таразда темір тұлпары үшін салық төлемеген жүргізушілерге тексеріс күшейді. Тараз қалалық прокуратура, полиция  қызметкерлері және жеке сот орындаушылары салықтан жалтарған жамбылдықтарға арнайы іс-шара жүргізді. Ал, қомақты қарызы бар жүргізушілердің көлігі бірден айып тұрағына тоғытылып жатыр.

Мемлекет басшысы Н.Ә.Назарбаевтың 2018 жылғы 5 қазандағы «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты Қазақстан халқына жолдауында салық төлеушілерге деген талаптың күшейтілуі керектігі жөнінде мәлімдеді.

Жолдауда Елбасы: «2019 жылдың 1 қаңтарынан бастап салық заңнамасының бұзылуы жөніндегі қылмыстық жауапкершіліктің қолданылу шегін, айыппұлды өсіре отырып, 50 мың айлық есептік көрсеткішке дейін арттыруды тапсырамын. Сондай-ақ, негізгі міндеті көлеңкелі экономикамен күрес болуға тиіс. Қаржы мониторингі комитетіне функцияларын бере отырып, Экономикалық тергеу қызметін қайта құру қажет. Біз «қолма-қол ақшасыз экономикаға» бет бұруымыз керек. Мұнда жазалаушы ғана емес, сондай-ақ бизнестің қолма-қол ақшасыз есеп айырысуын қолдау сияқты ынталандырушы құралдарға да сүйенген жөн. Салық және кеден саласындағы ақпараттық жүйелер интеграциясының аяқталуы әкімшілендірудің ашықтығын арттырады.  Үкімет үш жыл ішінде экономикадағы көлеңкелі айналымды кем дегенде 40 пайызға қысқарту үшін нақты шаралар қабылдауға тиіс» - деп қадап айтып өтті.

Қазір Жамбыл облысында көлік тізгіндегендерді жіті тексеру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Мұндағы мақсат: үкіметке берешегі бар, алайда оны өтеуден қашып жүрген азаматтарды заң алдында жазаға тарту. Өйткені өткен жылдан бері тұрғындардың қарызы 6 млн. 497 мың теңгеге жеткен. Ал, ағымдағы жылдың өзінде азматтардың қарызы 4 млн. 602 мың теңгені құрап отыр. Екі күндік тексерістің нәтижесінде 71 автокөлік айып тұраққа тоғытылған. Ал, үй-үйді аралап, қарызды өтеу мақсатында құзырлылар 500-ден аса мекенжайға табан тіреген.

Айта кетерлігі айып тұрағында қазір бос орын жоқтың қасы. Бұрын қойылған көліктер тәулігіне 700 теңге төлейтін болса, қазіргі таңда бұл жер тегін. Айта кетейік жеке тұлғалар үшін төлем осы аптаның соңына дейін жүргізіледі. Заң бұзып, айыппұл арқалаған азамат 1 аптаның көлемінде оның тек 50 пайызын өтеуге мүмкіндігі бар. Сондықтан уақыт оздырмай, қарыз мөлшері екі есеге артпай жатып уақытында төлеген жөн. Ал, өңірімізде ұйымдастырылатын тұрақты рейдтер борышкерлер санын азайтуға өз септігін тигізбек.

Сұхбат

PhotoRoom