ЖАСӨСПІРІМДЕР ҚЫЛМЫСЫН АЗАЙТУ ШАРАЛАРЫ НӘТИЖЕ КӨРСЕТУДЕ

Жамбыл облысы
28.11.2018, 00:23

Жамбыл облыстық білім басқармасының мәжіліс залында «Бала құқығы – адам құқығы» республикалық акциясы аясында Тараз қаласындағы колледждер мен мектеп директорларының тәрбие ісі жөніндегі орынбасарларына арналған құқықтық кеңес өтті.

Қай қылмыстың алдын-алуда әуелі жалпы тәрбие, оның ішінде құқықтық тәрбие негізгі құрал болып есептеледі. Сондықтан да ҚР Президентінің «жалпыға бірдей құқықтық білім мен тәрбие беру туралы» қаулысының негізгі талаптарын іске асырып, жастарға өз дәрежесінде жеткілікті құқықтық тәрбие беруді дұрыс жолға қою үлкен жұмыс. Өйткені, құқықтық тәрбие жастар мен жасөспірімдердің бойында құқықтық талаптар құрметтеу сезімін қалыптастырып, азаматтардың санасына құқық пен міндеттің бірлігін сезіндіреді, олардың өздерін дұрыс ұстап, әсіресе кәмелетке жасы толмағандар арасындағы қылмыстық әрекеттерінің алдын алуға мүмкіндік туғызады.

Кәмелетке толмағандардың қылмыстылығы мәселесі әрқашанда, қандай қиын қыстау заман болмасын кез келген халықты алаңдататын мәселе. Оның себебі бүгінгі жасөспірімдер елдің, ұлттың ертеңгі болашағы болып табылатындығында.

Қылмыстың алдын алу олардың негізгі көрсеткіштеріне байланысты әртүрлі болуы мүмкін. Алайда, басты шара Елбасы көрсеткендей, «Өтпелі кезеңдерді бастан кешіп жатқан қоғамды, мемлекеттік экономика әлі сақталып тұрған тұста, жекеменшік институттары әлі қалыптасып біте қоймаған кезде, мемлекетіміздің қызметінің орасан зор маңызға ие  болатындығы  мемлекет  тарапынан  қалыптасқан шаралардың бәрінің мәні де, ықпалы да қоғамдағы тәртіп бұзушылық пен қылмыстың әуелі алдын алуға бағытталған».

Кәмелетке толмағандар арасындағы құқық бұзушылықтың алдын-алу мақсатында ұйымдастырылған кеңес барысында облыс бойынша ағымдағы жылдың 10 айында кәмелетке толмаған жасөспірімдермен жасалған қылмыстар мен құқық бұзушылықтардың профилактикасы турасында айтылып, бала тәрбиесіндегі өзекті мәселелер талқыланды.

Жиынға облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары Талғат Жамалов, облыстық полиция Департаментінің Ювеналдық полиция бөлімшесінің басшысы Қуанышбек Қалжанов, облыстық білім басқармасының баланың құқықтарын қорғау бөлімінің маманы Мұхтар Керімбеков және Тараз қаласындағы колледждер мен мектеп директорларының тәрбие ісі жөніндегі орынбасарлары қатысты.

Мамандардың айтуларынша, қылмыс жасаушылардың арасынан әлеуметтік деңгейлері әртүрлі отбасынан шыққан жеткіншектерді кездестіруге болады. Оның себебі ата-аналардың бала тәрбиесіне уақыт таба алмауы немесе салғырт қарауынан дейді. Бұл ретте құзырлы орган өкілдері ата-аналар мен ұстаздардың арасындағы байланысты нығайту керектігін қадап айтты. Ал облыстық полиция департаментінің мәліметі бойынша жасөспірімдер арасындағы қылмыс өткен жылдың қараша айымен салыстырғанда 16,5% қылмыстық іске азайған.

Жиын соңында, облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары тиісті мамандарға нақты тапсырмалар беріліп, құқық бұзушылықтардың орын алмауын қадағалауда ұстауларын тапсырды.

Сұхбат

PhotoRoom