ТАЛАС ПЕН МЕРКІДЕ ҚОС-ҚОСТАН МЕДИЦИНАЛЫҚ НЫСАНДАР АШЫЛДЫ

Жаңалықтар
30.11.2018, 23:50

Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президенті күні қарсаңында Талас ауданында  екі бірдей медициналық пункт пайдалануға берілді. Таластық тұрғындар үшін енді ауданның өзінде 1 аурухана, 1 емхана, 7 амбулаториялық, 13 медициналық және фельдшерлік-акушерлік пункт қызмет көрсететін болды. Ең бастысы ауылдық округке қарасты елді мекендер осы күні қолжетімді медициналық көмекпен толық қамтылып отыр.

Елбасы Жолдауында басым бағыттардың бірі ретінде аталған, халық денсаулығын жақсарту мәселесі Жамбыл облысында мықтап қолға алынуда. Бүгін ашылып жатқан жаңа медициналық орталықтар сөзімізге дәлел.

Сейілбек және Тұрымқұл ауылында бой көтерген мекеменің құрылысы мемлекеттік-жеке меншік әріптестік аясында жүргізілді. Бастапқы медициналық-санитарлық көмек алу қолжетімділігін қамтамасыз ету мақсатында қолға алынған нысанды «АгроСпецСрой» ЖШС-гі  3 ай көлемінде салып бітірді. Оған жұмсалған қаражат көлемі 22 млн. теңге.

Бұған дейін ауылдағы мектеп ішінде орналасқан мекеменің бөлмелері тар болғандықтан келушілерді қабылдау қиынға соғатын. Ел игілігіне берілген медициналық пунктің ашылу салтанатына аудан әкімі Досмаханбет Алиев бастаған мекеме басшылары қатысып, тұрғындарға ортақ қуанышпен бөлісті, ақ халатты абзал жандардың ісіне сәттілік тіледі.

239 тұрғыны бар Тұрымқұл ауылындағы  5 келушіге арналған жаңа ғимарат іші қажетті, заманауи үлгідегі жабдықтармен толықтырылған.

Талас ауданындағы қуанышты сәттер Меркі ауданында да жалғасын тапты. Мұнда да тұңғыш Президент күніне орай үш бірдей амбулаториялық пункт ашылды. Олар –  Тұрлыбай батыр, Мыхан, Екпінді ауылдарына берілген медициналық орталықтар.

Алғашқы нысан  Тұрлыбай батыр ауылдық округінде  пайдалануға берілді.  5 келушіге арналған медициналық пунктінің ашылу салтанатына аудан әкімі Мейірхан Өмірбеков, аудан тұрғындары, ауыл ақсақалдары қатысты. Құны-26 403 мың теңгені құраған амбулаториялық пункттің құрылысын  «Промхиммонтаж» акционерлік қоғамының құрылысшылары жүргізіпті.

Ал, «Мыхан» ауылындағы дәрігерлік амбулатория 15 келушіге арналып отыр Бұл ғимаратты «Жанайым құрылыс» ЖШС салды. Жобалық құны- 34 993 мың теңге

Тағы бір медициналық нысан  10 келушіге арналған фельдшерлік амбулаториялық пункт – Меркі ауданы, Екпінді ауылында. Жоба құны 29 906 мың теңге.

Сұхбат

PhotoRoom