ҚОРДАЙ БҮЛДІРШІНДЕРІ ЕРЕКШЕ ОРТАЛЫҚҚА БАРАДЫ

Жаңалықтар
30.11.2018, 01:37

Қордай ауданының Қордай ауылында бүлдіршіндерге үш тілді қатар үйрететін «Болашақ» атты шағын орталық ашылды. Мемлекет басшысы Н.Ә.Назарбаевтың 2018 жылғы 5 қазандағы «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты Қазақстан халқына Жолдауында балабақша жасындағы балаларды жан-жақты дамытуға көңіл бөлу керектігі айтылған болатын. Елбасы бұл басымдыққа қатысты: «Мектепке дейінгі білім беру сапасын түбегейлі жақсарту керек. Ойлау негіздері, ақыл-ой мен шығармашылық қабілеттер, жаңа дағдылар сонау бала кезден қалыптасады. Білім беру ісінде 4К моделіне: креативтілікті, сыни ойлауды, коммуникативтілікті дамытуға және командада жұмыс істей білуге басты назар аударылуда...»- деген болатын. Президент тапсырмасына сай заманауи, яғни креатаивті мұндай орталықтың үлкен қала емес, ауылда ашылуы қуантарлық жаңалық.

Орталықтың ашылу салтанатына аудан әкімінің орынбасары Бейқұт Жамангозов, Қордай ауылының әкімі Бақыт Сағатов және Қордай ауданының құрметті азаматтары Төле Сүгірбай, Анатолий Шупта қатысып, кішкентай бүлдіршіндер мен ата-аналарды құттықтады.

«Болашақ» деген атына зат сай, ертеңгі болашақ ұрпағымызға есігін айқара ашқан орталықта барлығы дерлік қазіргі заман талабына сай жабдықталып, балғындардың емін-еркін білім алуына жағдай жасалған. Негізінде 120 орынға арналған мекемеде әзірше 75 бүлдіршін тәрбиеленеді. Заманауи орталыққа баратын бүлдіршіндерге үш тілді қатар үйретіледі. Оқушыларға дәріс беретін ұстаздардың барлығы білікті, тәжірибелі білімді мамандар. Балақайлар төрт топқа бөлінген және екі ауысыммен сабақ оқиды. Жарық, ыңғайлы кабинеттермен қатар, спорттық алаңда балалардың дене шынықтырумен айналысуыларына мол мүмкіндік қарастырылған. 5 млн. теңгені құрайтын жобаның құрылыс жұмыстарын «Сағымбаев» ЖШС-і жүргізген көрінеді.

Ашылу салтанатында сөз алған Қордай ауданының Құрметті азаматы Төле Сүгірбай келген қонақтарды ҚР Тұңғыш Президенті күнімен құттықтап, игі істі қолға алған, орталықты ашқан кәсіпкерге алғыс айтты.

Сонымен бірге, келген қонақтарды «Болашақ» ЖШС мектепге дейінгі білім беру мекемесінің атқарып жатқан жұмысымен таныстырған орталық басшысы Ғалия Сағымбаева алдағы жоспарларымен де бөлісті.

Сұхбат

PhotoRoom