ҚР ТҰҢҒЫШ ПРЕЗИДЕНТІ КҮНІ ҚАРСАҢЫНДА ЖАМБЫЛДЫҚТАРҒА МОЛ ТАРТУ ЖАСАЛДЫ

Жамбыл облысы
30.11.2018, 01:42

Биылғы ҚР Тұңғыш Президенті күні қарсаңы жамбылдықтар үшін ерекше тартуға толы болды. Облыстың барлық аудан, ауылдарына бірнеше әлеуметтік нысандар ашылып, тұрғындардың көптен тілеген тілектері орындалды. Жұрт енді аса бір қажеттілік тумаса, дәрігерлік көмек үшін ауылдан ауданға, ауданнан облысқа ат артып, сабылмайтын болды. Бүгін бірнеше медициналық нысанның тұсауы кесілді.

4 мыңға жуық халқы бар, Таразбен іргелес жатқан Бектөбе ауылында  енді дәрігерлік амбулатория жұмыс істейді. Медициналық мекеменің бір ауысымда 15 келушіні қабылдауға мүмкіндігі бар.

Бектөбелік тұрғындар осы күнге дейін ем-дом қабылдау үшін Тараз қаласына қатынап, ары-бері жол сарсаңын көретін. Науқас, оның үстіне қарт кісілер мен балалар үшін мұның қаншалықты қолайсыз болғанын айтпаса да түсінікті.

Мемлекет басшысы Н.Ә.Назарбаевтың 2018 жылғы 5 қазандағы «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты Қазақстан халқына жолдауында ауыл-аймақтағы тұрғындарды медициналық көмекпен қамтамасыз ету жайында баса айтылған еді. Жобалық құны-89 123,7 мың теңгені құрайтын медициналық нысанның құрылысы ақпан айында басталған болатын. Құрылыс жұмыстарын “Асем Билдинг” ЖШС жүргізгенін айта кеткен жөн.

Дәл осы іспеттес медициналық пункт Қордай  ауданы Алға округіне қарасты Көгадыр елді мекенінде де пайдалануға берілді. Бір ауысым ішінде 5 адамды ғана қабылдай алса да, бұл жаңа ғимарат ең заманауи жабдықтармен жабдықталған. Науқастарға алғашқы медициналық-санитарлық көмектен бастап, екпе егу, скриниг, акушер креслосы және ЭКГ аппаратында жүрек қағысын тексеретін медициналық қызмет түрлері көрсетіледі.

Бұған қоса бекітілген график бойынша ауданнан дәрігерлер де тұрақты түрде келіп, тұрғындарды қабылдап тұрады. Көгадыр медициналық пункті Ноғайбай дәрігерлік амбулаториясына қарайды. Жобалық құны 47 700 000 теңгені құраған нысан құрылысын «N-Keys» ЖШС атқарған.

Бүгінгі игі жақсылықтан Гродеково ауылының тұрғындары да құр қалмады. Жамбыл ауданының Гродеково ауылында да 15 келушіге арналған су жаңа дәрігерлік амбулатория пайдалануға берілді.

Халықтың жағдайын жан-жақты жақсартуға бағытталған жұмыстардың барлығы Елбасы тапсырмаларына сай жасалуда. Айталық, мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты биылғы Қазақстан халқына Жолдауында медициналық қызметтің сапасын арттыру, ауылдық жерлерде алғашқы медициналық санитарлық көмекті қолжетімді ету керектігі айтылды, міндеттемелер жүктелді.

Бүгінгі Гродекова ауылында ашылып отырған жаңа нысанның жалпы құны 34 млн. теңгені құраған. «Таразстрой-2004» ЖШС мердігер компаниясы 6 айда құрылысты аяқтап, тұрғындарды үлкен қуанышқа кенелтіп отыр.

Амбулаторияның ашылу салтанатына Жамбыл облысы әкімінің орынбасары Еркебұлан Дауылбаев, ауылдың ақсақалы, көпжылдар медицина саласында қызмет еткен Төрегелді Үсіпбеков және аудандық аурухананың бас дәрігерінің орынбасары Сәуле Сұлтанова қатысты. Олар тұрғындарды құттықтап, жаңа амбулаторияның кермесін қиды.

Аға дәрігер Гүлмира Рахымбердиеваның айтуынша, амбулаторияда 21 қызметкер жұмыс істейді. Оның 3-еуі дәрігер, 6-ауы жалпы дәрігерлік медбикелер, акушерлер және кіші медбикелер Негізінен тұрғындарға алғашқы медициналық көмек, акушерлік көмектер көрсетіледі.

Биылғы ҚР Тұңғыш Президенті күні қарсаңында Жамбыл облысында 41 нысан ашылып, халық игілігіне пайдалануға берілуде. Оның 32-і медициналық нысан болса, 2-і полиция бөлімшесі,7-і жекеменшік балабақша.

 

 

Сұхбат

PhotoRoom