ӨҢІРДЕ КӘСІПКЕРЛЕР ҚОЛДАУЫМЕН БӨБЕКЖАЙЛАР ҚАТАРЫ КӨБЕЙДІ

Жаңалықтар
30.11.2018, 19:32

Елбасы Н.Назарбаев 2020 жылға дейін бүлдіршіндерді мектепке дейінгі білім беру мекемесімен қамту деңгейін 100 пайызға жеткізу қажеттігін тапсырған болатын. Осыған орай, қазір мемлекет пен жекеменшік әлеуметтік әріптестік аясында балабақшалар мен бөбекжайлар ашылуда. Осы бағыттағы жұмыстың бір нәтижесі - Жуалы ауданы, Көлбастау ауылында 50 орындық балабақша ел игілігіне берілді. Бүгінде ауданда 30 мектепке дейінгі білім мекемесінде 2290 бала тәрбиеленуде, яғни ауданда 3 пен 6 жас аралығында 99,1% баланы қамтып отыр. 2020 жылға дейін елдегі балаларды түгел қамту керек міндеті қойылған болса, ол міндетті орындаудың ауылы алыс емес. Мектепке дейінгі білім мекемелерінде 330-дан астам педагог қызмет атқарса, оның 67,4% «Мектепке дейінгі тәрбие мен оқыту» мамандығы бойынша жоғары және техникалық-кәсіптік білімі бар мамандар.

Айта кетсек, ауылда бұрын балабақша болмаған.  Осыны ескерген жеке кәсіпкер Әсет Есаманов бос тұрған үйді жалға алып,  құны 17 млн. теңгені құрайтын балабақшаны ауыл тұрғындарына тарту етті. Енді көлбастаулық бүлдіршіндер заманауи үлгіде жабдықталған бөбекжайда тәрбиеленбек.Онда балалардың тынығатын және ойнайтын бөлмелері кең, жылы да жайлы, жалпы мұнда тәрбиешілердің бүлдіршіндермен жұмыс істеуіне барлық жағдай жасалған.

Аудан әкімі Бақтияр Көпбосынов бұл ашылатын балабақшаның биыл ауданда мемлекеттік-жекеменшік әріптестік негізінде пайдалануға берілгелі отырған төртінші мекеме екенін айта келе, жиылған ата-аналарды, көпшілікті мерейлі қуанышымен құттықтады.

Балабақшаның лентасын аудандық соғыс және еңбек ардагерлері кеңесінің төрағасы Естемес Аманбеков пен ауылдық ардагерлер кеңесінің төрағасы Мұхтар Тұрғынбеков қиды.

Осындай айтулы шара бүгін Т.Рысқұлов ауданы, Құлан ауылында жалғасты. 140 орынға арналған «Бота» жекеменшік бөбекжай-бақшасы өз жұмысын бастады.

Аудан орталығында ашылған нысанды жеке кәсіпкер Ертіс Тұғылшиев 15 млн. теңге қаржыға бұрынғы сауда нысанын қайта жаңғыртып, ғимаратты бөбекжай-бақша ашуға бейімдеп, заманауи үлгіде жабдықтады. Сонымен қатар, ауданда 2019 жылдың наурыз айында 165 орынды қамтитын 2 жекеменшік бөбекжай-бақша ашу жоспарлануда.

2018 жылдың ІІІ-тоқсанында Тереңөзек және Ақыртөбе ауылдарында 2 жекеменшік балабақша ашылып, бүгінгі күні мектепке дейінгі тәрбие және білім берумен балаларды қамту үлесі қазіргі таңда 97,3%-ды құрап отыр.

Айта кетейік, бүгінде Т.Рысқұлов ауданында 20 балабақша мен 15 шағын орталық жұмыс атқарып, барлығы 2947 бала тәрбиеленуде. Мектепке дейінгі тәрбиемен қамтылған балалар үлесі, 1-6 жас аралығында 82,2%, 3-6 жас аралығында 97,3%-ды құрап отыр.

Сұхбат

PhotoRoom