«КІТАП ОҚЫП, МИЛЛИОНЕР БОЛ!» БАЙҚАУЫ БАСТАЛДЫ

Жаңалықтар
30.11.2018, 14:40

Бұл жөнінде Жамбыл облысы əкімдігі ішкі саясат басқармасы «Өңірлік коммуникациялар қызметі» алаңында өткен брифинг барысында қалалық «Жамбыл-Тараз» газетінің бас редакторы Эльмира Мырза-Ғали мәлімдеді.

Елбасы Н.Назарбаев кезекті Жолдауында, «Жастардың барлық санатын қолдауға арналған шараларды толық қамтитын әлеуметтік сатының ауқымды платформасын қалыптастыру керек. Келесі жылды «Жастар жылы» деп жариялауды ұсынамын», - деген еді.

Баспасөз конференциясына қалалық білім бөлімінің басшысы Мүбарак Жинақбаева, Д.А.Қонаев атындағы облыстық балалар және жасөспірімдер кітапханасының директоры Гульфайруз Іңкәрбекова,  «Қазфосфат» ЖШС қызметкерлермен жұмыс жасау бөлімінің басшысы Жанар Оразымбетова «Кітап оқып, миллионер бол!» көркем әдебиетті оқу байқауы туралы баяндап, журналистердің сұрақтарына жауап берді.

-«Бүгінгі жастар тарихы тереңде жатқан халықтың өткенінен тағылым алып, келешегі жарқын болуы үшін тәуелсіз еліміз берген барлық мүмкіндікті мүлт жібермесін деп, «Жамбыл Тараз» газеті тағы бір бастаманы қолға алып отыр. Өздеріңіз білесіздер, аталған газет қаланың соңғы жаңалықтарын, тыныс-тіршілігін, зор жетістіктері мен әлеуметтік ахуалын алғашқылардың бірі болып оқырманға ұсынатын ақпарат құралдарының бірі. Біздің кезекті жобамыз «Кітап оқып, миллионер бол!» атты байқауы. Жобаның негізгі мақсаты – балаларды кітап оқуға баулу болып табылады», - деді бас редактор.

Байқау оқушылардың танымын кеңейтіп, өресін биіктету бағытында облыстық ішкі саясат басқармасының қолдауымен республикамызда тұңғыш рет ұйымдастырылып отыр. Қалалық білім бөлімі мен Д.А.Қонаев атындағы облыстық балалар мен жасөспірімдер кітапханасы аталмыш сайыстың ұйымдастырылуына атсалысып, газеттің идеясын бірден  қолдады. Ал байқаудың демеушісі «Қазфосфат» ЖШС Бас директоры, ҚР Еңбек ері Мұқаш Ескендіров мырза бастаманың ілгері басуына зор ықпал жасап, кітап оқу байқауының өте ұтымды идея екенін жеткізді.

Жоба шарты бойынша ақылдастар алқасы құрылды. Алқа төрағасы болып белгілі жазушы Несіпбек Дәутайұлы сайланды. Ақылдастар алқасы бірлесе отырып 100 кітаптан тұратын тізімді жасап, оның тең жартысын қазақ, қалғанын орыс тілінде ұсынды. 5-7 сынып оқушылары кемінде 15, 8-11 сынып оқушылары кемінде 20 кітапты оқу жылының соңына дейін оқып шығуы тиіс. Бұл межеден асқан адам байқау жеңімпазы болып танылады. Сондай-ақ, жеңімпазды анықтау оқылған кітаптар бойынша сұрақтар қою әдісімен анықталатын болады.

Белгілі болғандай, кітап оқуға ынталандыратын байқаудың жүлде қоры 3 млн. теңге.

«8-11 сынып аралығындағы жеңімпаздар үшін, 1 орынға – 1 млн, 2 орынға – 500 мың, 3 орынға – 250 мың, 5-7 сынып аралығындағы жеңімпаздар үшін, 1 орынға – 500 мың, 2 орынға – 300 мың, 3 орынға – 250 мың белгіленіп отыр. Қалған сома байқауға қатысып, іріктеу сынына өткен оқырмандардың барлығына ынталандыру сыйлығын даярлауға жұмсалмақ», - деді жоба бастамашысы.

Бүгінгі оқушы – ертеңгі ұлт келешегі. Аздаған уақыттан соң үлкен өмірге аяқ басқалы жүрген жас буын өкілдері үшін бұл байқауда оқуға берілген кітаптар олардың жолдарына төгілген жарық сәуле болмақ. Кітаптың ғасырлар мен дәуірлер тізбегінде адамның ең сенімді серігі екенін ешкім жоққа шығара алмайды.

Байқау қорытындысы 2019 жылдың 22 мамырында белгілі болады.

Сұхбат

PhotoRoom