«ЕЛБАСЫ ЖӘНЕ ҰЛЫ ДАЛА МҰРАСЫ» КӨРМЕСІ ӨТТІ

Жаңалықтар
02.12.2018, 12:33

Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президенті күніне орай, «Ежелгі Тараз ескерткіштері» тарихи-мәдени қорық-музейінің ұйымдастыруымен «Елбасы және Ұлы Дала мұрасы» тақырыбында Жамбыл облыстық тарихи-өлкетану музейінде көрме өтті.

Тараздықтар айтулы мереке қарсаңында музей қорындағы 185-тен астам түрлі құнды жәдігерлер топтамасымен танысып, Елбасының Әулиеата өңіріне келген сапарындағы суреттерін тамашалады. Сондай-ақ, ұлтымыздың ұлы тарихынан сыр шертетін көне жәдігерлер де музей төрінен табылды.

-«Мұнда Түргештер заманында соғылған күміс, қола теңгелер, Қытаймен сауда-саттық барысында келген қытайлық теңгелер мен бұйымдар, Қарлұқ қағанатының әшекей бұйымдары мен тұрмыстық заттары, Қарахандар дәуірінің мәдениетінен сыр шертетін күміс пен қоладан жасалған бақыр теңгелер, бүтіндей көмбе күйінде табылған әйел адамның алтын, күміс әшекейлері, білезіктер, сырғалар, моншақтар және сұйықтық сақтауға арналған сынапкөздер, қоладан құйылған шырағдандар және Үйсін дәуіріне жататын қола айна мен шаш түйрегіш бар. Бұлардың барлығы да біздің мәдениетіміздің өте жоғары дәрежеде дамығанын көрсетеді»,- дейді «Ежелгі Тараз ескерткіштері» тарихи-мәдени қорық-музейі директорының орынбасары Қуаныш Дәуренбеков.

Көрменің басты мақсаты - Елбасының мемлекет басқарудағы көрегенділігі туралы әңгімелеп, болмысындағы қасиеттерін жастарға үлгі ету және көшбасшылық рөлін ашып көрсету. Осы көрме арқылы Нұрсұлтан Әбішұлының Отанымыз үшін жасап жатқан жақсылықтарын насихаттау және жастарға еліміздегі бейбітшілік пен бірліктің қадірін ұғындыру.

Музей қызметкерлері көрмедегі кітаптарға шолу жасап, болашақ ұрпаққа қалдырған ұлт мұраларын насихаттауға және ұрпақ кәдесіне жаратуға, осынау атаулы күннің маңыздылығына тоқталды.  Сондай-ақ, жастарды Отанын, халқын сүюге, парасаттылыққа, ұлтжандылыққа тәрбиелеуге шақырды.

Көрме барысында Қазақстанның сыртқы, ішкі саясаттағы жетістіктері мен Мемлекет басшысының басқаруымен республикамыздың алдағы уақыттағы көп қырлы дамуы көрсетілетін болады.

Аталған көрме ағымдағы жылдың желтоқсан айының үшінші онкүндігіне дейін жалғасатын болады.

Сұхбат

PhotoRoom