МАҚСАТЫ АЙҚЫН «ҰСТАЗЫМ – ҰЛАҒАТЫМ» АКЦИЯСЫ

Аймақ
23.11.2018, 13:42

Мемлекет басшысы Н.Ә.Назарбаевтың 2018 жылғы 5 қазандағы «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты Қазақстан халқына Жолдауында келесі  жылдан бастап «Педагог мәртебесі» туралы заң қабылданатынын атап өткені белгілі.

Басты құжатта туындаған міндеттерді жүзеге асыру үшін «Нұр Отан» партиясының Жамбыл облыстық филиалы игі бастаманы қолға алып,  «Ұстазым – ұлағатым» акциясын бастады.

Акция барысында білім саласының мамандары, білікті заңгерлер, педагогтар және бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдерінен екі жұмыс тобы құрылды. Бірінші жұмыс тобы жоспарға сай елдімекендерде ұстаздармен кездесулер өткізіп, қоғамдық қабылдауда мұғалімдерді қабылдап, олардың ұсыныстарын жинайды. Ал, екінші топ Тараз мемлекеттік педагогикалық университетінде «Педагог мәртебесі» заңының жобасын әзірлейді. Іс-шаралар бір апта көлемінде жүргізіліп, заң жобасы дайындалады.

Осындай мақсатпен ауданға келген облыс әкімдігі тілдерді дамыту басқармасының басшысы, жұмысшы топтың мүшесі Сұлушаш Құрманбекова кездесулер өткізді.

Жұмыс сапарында Сұлушаш Сәтбекқызы Ғани Мұратбаев гимназиясында ұстаздармен, Сарыкемер атындағы мектеп-гимназиясында мектеп директорларымен, ал, Нығметулла Киікбаев атындағы мектеп-гимназиясында ардагер ұстаздар, ата-аналар және қамқоршылық кеңестің мүшелерімен кездесті.

Ұстаздар қауымымен өткен басқосуларға аудан әкімінің орынбасары Дәуір Дәулетов, “Нұр Отан” партиясы аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Шолпан Байтақова қатысты.

Кездесуге қатысушы №1 мектеп-гимназиясы мен Ғани Мұратбаев гимназиясының ұстаздары алдында сөз сөйлеген Сұлушаш Сәтбекқызы «Нұр Отан» партиясы облыстық филиалы бастамасымен «Педагог мәртебесі» туралы заң жобасын дайындау бойынша баспасөз конференциясы өткенін, партияның облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Ерқанат Манжуовтың тапсырмасына сәйкес «Ұстазым – ұлағатым» акциясы басталғанын айтты. Сонымен қатар, Елбасы биылғы Қазақстан халқына Жолдауында экономикадағы, әлеуметтік саладағы, өңірлік дамудағы қысқа мерзімді және ұзақ мерзімді перспективаға арналған іс-қимылдың кешенді бағдарламасын ұсынғанын және Жолдаудың әлеуметтік сипаты Елбасы саясатының халықтың әл-ауқатын жақсартып, азаматтардың өзекті мәселелерін шешуге бағытталғанын көрсететінін жеткізді.

Сондай-ақ, Жолдаудағы «Педагог мәртебесі» туралы заң жобасы мұғалім мәртебесін көтеріп, білім саласының одан ары дамуына жол ашатынын алға тарта отырып, кездесу қатысушылары тарапынан айтылған ұсыныстар жайында өз ойымен бөлісті.

Кездесулер барысында мұғалімдер өз ойларын ашық айтып, қабылданғалы жатқан заңға өз үлестерін қоса алатындықтарына ризашылықтарын білдірді.

Атап айтқанда, 23 жылдық еңбек өтілі бар ұстаз Бақыт Күдериева әйел азаматшалардың зейнет жасы 55 жас болса десе, тарих пәнінің мұғалімі Нұржамал Құрманбаева ұстаздардың әлеуметтік жағдайын жақсартып, жалақыларын көтеру, жас мамандар дайындауда сапаға көңіл бөлу мәселелерін алға тартты.

Ал, №1 мектеп-гимназиясының алғашқы әскери дайындық пәнінің мұғалімі Болат Басықараев бар салмақты мұғалімге артып қоймай, ата-аналардың да жауапкершілігін арттыру керектігі туралы ұсынысын айтты.

Бұдан өзге еркін форматта өткен жүздесу барысында мемлекеттік деңгейдегі мерекелерде сыйақы алу, жыл сайынғы ақылы еңбек демалысы уақытында айлық жалақының төленуі, қоғам тәрбиесі, коммуналдық төлемдерге жеңілдіктер қарастыру, шипажайларға берілетін жолдамалар, педагог мәртебесіне сай бәсекелестік орнату, үштілділік негізде оқытылатын пәндерді бөліп оқыту, білім саласындағы тәртіп пен тазалық, тағы да басқа мәселелер туралы ұсыныстар айтылды.

Жұмыс тобымен жиналған ұсыныстар мен дайын болған заңның жобасы «Нұр Отан» партиясының Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісіндегі депутаттық фракциясына, Білім және ғылым министрлігіне жолданатын болады.

Сұхбат

PhotoRoom