СЫБАЙЛАС ЖЕМҚОРЛЫҚПЕН КҮРЕС МЕКТЕПТЕН БАСТАЛАДЫ

Жаңалықтар
05.12.2018, 16:13

2014 жылдың 26 желтоқсанында Қазақстан Республикасының 2015-2025 жылдарға арналған Сыбайлас жемқорлыққа қарсы жаңа стратегиясы бекітілген болатын. Стратегияның мақсаты - мемлекеттің сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясатының тиімділігін арттыру және сыбайлас жемқорлыққа қарсы қозғалысқа кез-келген жемқорлықтың туындауына «нөлдік» төзімділік таныту атмосферасын құру жолын қолдану арқылы барлық қоғамды тарту, сондай-ақ Қазақстанда сыбайлас жемқорлық деңгейін төмендету болып табылады. Жемқорлықпен күрес арнайы дайындалған мемлекеттік бағдарлама негізінде жүзеге асырылуда.

Сыбайлас жемқорлықты болдырмау мен алдын алудың ең алғашқы нүктесі жастарды бала кезінен тәрбиелеу болып табылады. Барлық білім беру мекемелерінде жемқорлықты болдырмау мен алдын алуға арналған іс-шаралар өткізіліп тұрады. Соның бірі, «Нұр Отан» партиясы Жамбыл облыстық филиалы мен партия Тараз қалалық филиалының ұйымдастыруымен мектеп оқушылары арасында эссе байқауы өтті.

Байқауға қала мектептері арасынан іріктелген 9-сынып оқитын оқушылар қатысты.

Аталған шарада оқушылар «Сыбайлас жемқорлықты қалай жеңеміз?» тақырыбында эссе жазу арқылы автордың көзқарасын танытуы қажет.

Эсселер қазақ және орыс тілінде жазылды. Жеңімпаз бен жүлдегерлерді партия, қала әкімдігі білім бөлімі қызметкерлері мен мектеп гимназия мұғалімдерінен құрылған арнайы комиссия анықтады.

Нәтижесінде, №46 орта мектеп оқушысы Қазына Шакенбаева 1 орынды иеленді. 2-3 орындарды Анастасия Овчинникова (№6 орта мектеп) мен Дулат Абдрахман (№55 орта мектеп) бөлісті. Басқа қатысушылар да ынталандыру сыйлықтарына ие болды.

«Нұр Отан» партиясы Жамбыл облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Ерқанат Манжуов байқау қорытындысы бойынша жүлделі орындарға ие болған оқушыларға дипломдар мен бағалы сыйлықтарды табыс етті.

Айта кетсек, бұл дәстүрлі байқау былтыр Тараз қаласындағы мектеп гимназия оқушылары арасында өткен болатын. Келесі жылы аудандардағы мектеп оқушылары арасында ұйымдастыру жоспарда бар. Сонымен қатар, білім беру ұйымдарында ата-аналардан ақша жинау туралы фактілерінің орын алуын болдырмау мақсатында мұғалімдермен, сынып жетекшілермен үнемі жиналыстар өткізіліп, түсінік жұмыстары жүргізіліп тұрады.

Сұхбат

PhotoRoom