500-ДЕН АСТАМ АЗАМАТҚА НЕ ҮШІН ТЕГІН ҚҰҚЫҚТЫҚ КӨМЕК КӨРСЕТІЛДІ?

Жамбыл облысы
02.12.2018, 00:18

2018 жылдың 30 қарашасында Қазақстанның ірі қалаларында алғаш рет «Халықтық заңгер» республикалық акциясы өтті.

Елбасы Н. Назарбаевтың 2018 жылғы 5 қазандағы «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты Қазақстан халқына Жолдауын басшылыққа ала отырып Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Жамбыл облысы бойынша департаменті «Сот жүйесін одан әрі жаңғырту» аясында ұйымдастырып отыр.

Акцияның мақсаты - кез-келген құқықтық мәселе жөнінде тұрғындарға тегін әрі білікті заңнамалық көмек көрсету.

«Халықтық заңгер» жалпыреспубликалық акциясы кезінде Жамбыл облысының 500-ден астам азаматына үздік адвокаттар, заңгерлер, нотариустар, медиаторлар, сот орындаушылары, сондай-ақ мемлекеттік органдардың өкілдері тегін құқықтық көмек көрсетті.

Кеңес алуға келгендердің басым бөлігі жер учаскелерін алу, баспаналы болу, сапалы білім, әлеуметтік көмек, бизнесті қолдау және медицина саласына және т.б қатысты өздерін толғандырып жүрген сауалдарын қойып, тегін құқықтық көмек алу мүмкіндігіне ие болды.

Айта кетсек, биыл «Халықтық заңгер» акциясы Қазақстанда ғана емес, әлемде теңдесі жоқ жаңа форматта өтуде.

Аталмыш шара бір күнде, бір уақытта еліміздің 19 ірі қаласында ұйымдастырылды.

Олардың қатарында Астана, Алматы, Шымкент, Түркістан, Қарағанды, Өскемен, Петропавл, Орал, Қызылорда, Көкшетау, Талдықорған, Ақтөбе, Атырау, Ақтау, Тараз, Қостанай, Павлодар, Балқаш, Семей шаһарлары бар.

Бұл дегеніңіз, жалпы бір уақытта 1000-ға жуық сарапшы халыққа көмек көрсетті деген сөз.

Осыған орай «Халықтық заңгер» жалпы республикалық акциясын ұйымдастырушылар шараны «Халыққа бір мезгілде тегін құқықтық кеңес беру» номинациясы бойынша “Гиннестің рекордтар кітабына” енгізуге өтініш берді. Өтініш қабылданып, қазіргі уақытта Гиннестің рекордтар кітабының комитеті өтінішті қарап жатыр.

Акция Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі, «Параграф» ақпараттық жүйесі, Zakon.kz желілік басылымының бастамасымен өткізілді.

Сұхбат

PhotoRoom