СЕГІЗ ӘЛЕУМЕТТІК НЫСАН БІР АУДАНДА БІР КҮНДЕ БЕРІЛДІ

Жаңалықтар
02.12.2018, 17:13

Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті күні қарсаңында Байзақ ауданында 8 әлеуметтік нысан ел игілігіне пайдалануға беріліп, тұрғындар үшін керемет сый болды.  Темірбек ауылдық округіндегі Шахан және Сарыбарақ, Ынтымақ ауылдық округінде Мәдімар, Диқан ауылдық округіндегі Аймантөбе, Жаңатұрмыс ауылдық округіндегі Тегістік, Жібек жолы, Жаңатұрмыс ауылдарында медициналық тіректер мен Көптерек ауылдық округінде су қабылдау имараты және су құбыры желісі құрылысының ашылу салтанаты өтті.

 

Мемлекет басшысы Н.Ә.Назарбаевтың 2018 жылғы 5 қазандағы «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты Қазақстан халқына жолдауы дәл осы халықтың әлеуметтік жағдайын жақсартуға, денсаулығын нығайтуға бағытталған шараларды саралап берді. Жолдауда Елбасы: «Медициналық қызмет сапасы халықтың әлеуметтік көңіл-күйінің аса маңызды компоненті болып саналады. Ең алдымен, әсіресе ауылдық жерлерде алғашқы медициналық-санитарлық көмектің қолжетімді болуын қамтамасыз ету қажет...» деп баса айтты.

Сонымен Байзақ ауданының Шахан ауылында ашылған медициналық тірек енді елдімекен тұрғындарына толықтай дәрігерлік көмек көрсететін болады. Нысанның ашылу салтанатына аудан әкімі Рахматілдә Рахманбердиев, аудандық мәслихаттың хатшысы Нұржан Тлепов және ауыл тұрғындары қатысты. Аудан басшысының айтуынша, былтыр аудан бойынша үш денсаулық сақтау нысаны пайдалануға берілсе, ал, үстіміздегі жылы жеті бірдей медициналық тірек жекеменшік әріптестік негізінде ел игілігіне ұсынылып отыр.

Ауыл қариялары Мұхамеджан Садырқұлов пен Қырықбай Айнақұлов жаңа әлеуметтік нысанның лентасын салтанатты түрде қиып, баталарын берді, сәттілік тіледі. Медициналық тірек 5 науқасты бір сәтте қабылдап, көмек бере алады.

Кабинеттер толықтай заманауи аппараттармен жабдықталып, білікті мамандар ауылдағы 703 тұрғынға қажетті медициналық жәрдемдер жасауда. Мұнда күнделікті денсаулығына шағымданған жандар, әсіресе кәртең жастағы адамдар, балалар мен жүкті әйелдер, мектеп жасындағы жеткіншектер қажетті ем-домдарын, кеңестерін ала алады.

Дәл осы күні тағы бір Сарыбарақ ауылында да бес келушіге арналған медициналық тірек тұсауы кесіліп, жұрт риза болды. Елдімекенде 413 тұрғын болса, оның 149-ы он төрт жасқа  дейінгі, ал, 10-ы бір жасқа дейінгі балалар. Жаңа ғимарат жекеменшік әріптестік аясында “Тараз құрылыс Дизайн” жауапкершілігі шектеулі серіктестігі салған. Аудандық орталық аурухананың бас дәрігері Рыскелді Сапарбеков медициналық тіректің фельдшері Мұрат Сатеновке символдық кілтті табыс еткен соң, ауыл ақсақалдары лента қию рәсімін жасады.

Медициналық тірек балалар қабылдау, емшара бөлмесінен, дәрі-дәрмек кабинетінен және күту залынан тұрады. Бүгіннен бастап мұнда әртүрлі жастағы науқастар келетін болады. Фельдшер Мұрат Сатенов күніне бес адамға дейін қабылдауға мүмкіндік туғанын атап өтті. Мұнда арнайы тоңазытқыш жабдықтар, кварц, медициналық үстелдер, кушетка және алғашқы көмек көрсету үшін барлық қажетті заттар бар.

Сонымен Жамбыл облысының Байзақ ауданында жоғарыда аталған ауылдық округтерде осы іспеттес шағын медициналық тіректер ашылып, барлығы да су жаңа аппараттармен халыққа  сапалы дәрігерлік қызмет көрсетуді бастап кетті.

Осындай қолжетімді медицина қызметін ұсынған, шалғайдағы халықтың сапалы дәрігерлік көмекке қол жеткізуін қамтамасыз еткен – Елбасы тапсырмасы Жамбыл аймағында айтарлықтай орындалып жатқанын айта кету жөн.

Естеріңізге салсақ, Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті күні қарсаңында, облыс аумағында 41 әлеуметтік нысан ауылдық аймақ орталықтарын дамытудың облыстық жоспары аясында пайдалануға беріліп, өңір тұрғындарын көптен күттірген маңызды мәселе шешімін тапты.

Сұхбат

PhotoRoom